Қазақстанда репродуктивті денсаулық апталығы қорытындыланды

Қазақстанда репродуктивті денсаулық  апталығы қорытындыланды

Апталықтың соңында республикалық дөңгелек үстел өтті. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың (соның ішінде ЮНЕСКО) және азаматтық сектордың өкілдері қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырды.

Іс-шара гибридті форматта өтіп, оған елдің барлық өңірлерінен өкілдер қатысты. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысы белсенді болды. Басты тақырыптар - жыныстық тәрбие, аналық денсаулықты сақтау, денсаулық сақтау жүйесіне халықаралық тәжірибені енгізу, ағартушылық коммуникацияны дамыту және жастар бастамаларын қолдау мәселелері талқыланды.

Апталық аясында жасөспірімдер мен жастарға ерекше назар аударылды. Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 300-ден астам іс-шара өткізіліп, 13 мыңнан астам адам қамтылды. Олардың 8500-ден астамы — жастар. Олар дәрігерлерден тегін кеңес алып, ЖЖБИ және АПВ-ға тест тапсырып, онлайн платформалар мен медиа арқылы кеңінен ақпараттандырылды.

Дөңгелек үстел қатысушылары ведомстволар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын және репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша бірыңғай білім беру стратегиясын құру қажеттігін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша жастарды барынша хабардар етіп, медициналық және кеңес беру қызметтерінің қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ тиісті құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар жасалды.

Репродуктивті денсаулық апталығы ел болашағына - жас ұрпаққа және әр азаматтың сенімді ақпарат пен сапалы медициналық қызметке қол жеткізу құқығына назар аударылғанын көрсетті.