ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында өткен «Алтай – ортақ үйіміз» халықаралық конференциясы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов баяндама жасап, СҰАА-мен туризм саласын дамыту және көлік-логистикалық хаб құру бағытындағы ынтымақтастық туралы айтып өтті.
«Біздің облыс екі ірі көрші мемлекетпен шекараласады: Қытаймен мемлекеттік шекара ұзындығы – 670 км, Ресеймен – 770 км. Әлеуметтік те, экономикалық тұрғыдан да қарым-қатынасымыз жаңа сапалық деңгейге шығуы тиіс. Ең алдымен, біз Қытай мен Ресей арасындағы көлік-логистикалық хаб болуды мақсат етіп отырмыз», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар қатарында Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы, Қытаймен шекаралас Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлар салу, ҚХР-мен шекарадағы «Майқапшағай» өткізу бекетін жаңғырту және Ресеймен шекарадағы «Уба» бекетін жаңарту жобалары бар. Инвесторлар үшін болашағы зор жобалар – Ертіс өзені арқылы өзен қатынасын ұйымдастыру, сондай-ақ Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылынан Қытай шекарасына дейін теміржол мен айлақ салу.
«Кеше өткен кездесуде Марқакөл ауданында жаңа туристік өткізу пунктін ашу мәселесін талқыладық. Жобаның сәтті іске асуы шекара маңы ынтымақтастығын дамытуға және тату көршілік байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Туризм – шексіз мүмкіндіктер әлемі. Қытай Халық Республикасынан келген туристер Марқакөл мен Катонқарағай өңірлерінің таулары, көлдері мен өзендерінің көркін өз көздерімен көре алады. Сол сияқты, қазақстандық туристер де Қанас көлі маңындағы нысандарға баруға мүмкіндік алады. Біз жылына 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайынбыз. Марқакөл мен Катонқарағаймен қатар, ерекше туристік бағыттардың қатарына Риддер қаласының маңы мен Бұқтырма су қоймасының жағалауы да жатады», – деді облыс әкімі.
Жақын болашақта ШҚО-да «Тарханка-Топиха» автожолы, Ресей Федерациясы бағытындағы және Өскемен қаласындағы Үбе өзені арқылы өтетін көпірлер, сондай-ақ облыс орталығын айналып өтетін автожол салу сияқты ірі көлік инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады.
Облыс әкімінің айтуынша, көлік дәліздерінің дамуы туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың жедел дамуына негіз болады. Жоспардың бір бөлігі – туристік инфрақұрылымды құру болып табылады.