Меню
Страницы
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Халық үшін
Все материалы
23 мая 2026
ШҚО-да спорттық фидерлік балық аулаудан жарыс өтуде

Шығыс Қазақстан облысында Евгений Михайлович Тарапунецті еске алуға арналған спорттық фидерлік балық аулаудан облыс кубогы өтуде. Жарыс 23 мамыр күні Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі Глубочанка өзенінің су қоймасында басталды.

Турнирге шамамен 40 спортшы мен балық аулауға әуесқой қатысуда. Қатысушылар фидерлік тәсілмен спорттық балық аулау шеберлігі бойынша сынға түсіп, дәлдік, төзімділік және кәсіби дағдыларын көрсетуде.

Жарысқа Шығыс Қазақстан облысының түрлі аудандарынан өкілдер жиналып, бұл шара спорттық балық аулауды сүйетіндер үшін маңызды оқиғаға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир балық аулау спортын, белсенді демалысты насихаттау және Евгений Михайлович Тарапунецтің рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған.

Жарыстың бас төрешісі – Александр Геннадьевич Гуляев.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталып, кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталады.

 

Спорт
Пресс-релиздар
22 мая 2026
«Алтай» футбол клубы өз алаңында «Оқжетпесті» қабылдады

Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасында шығысқазақстандық «Алтай» футбол клубы көкшетаулық «Оқжетпеспен» кездесті.

Өткен турда «Қызылжар» командасынан басым түскен алаң иелері бұл ойынға да тыңғылықты дайындалғаны сезіліп тұрды. Десе де «Оқжетпес» оңай шағылатын жаңғақ емес. Турнирлік кестеде үздік үштікте тұрған азулы клуб.

Ойынның 13 минутында қонақтар есеп ашып кетті. Мергендігімен көзге түскен - 63 нөмірдегі Иван Кузмичев. Алтайлықтар дереу қарымта гол салуға тырысты. Бірінші таймда бірнеше ұтымды мүмкіндік болғанымен қарсыластың қақпасынан саңылау табылмады. Екінші таймда да алаң иелері қауіпті шабуылдар жасағанымен сәл сәттілік жетіспеді. Қорытынды есеп - 0:1.

Бұл «Алтай» футбол клубының биылғы маусымда жаңартылған «Восток» стадионында өткізген екінші ойыны. Осы жолы да жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды. Енді келесі ойын 27 мамыр күні өтеді. Шығысқазақстандық футболшылар өз алаңдарында «Астана» футбол клубын қабылдамақ.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

22 мая 2026
«BIR TOLQYNDA» ШҚО жастарын біріктірген еркін пікір алаңы

Өскемендік белсенді жастарды жинаған алаңда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров ашық диалог құрып, жастармен ашық әңгіме өрбітті.

Мәжіліс депутаты жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып,  «AMANAT»  партиясы жастарға әрдайым қолдау білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, «BIR TOLQYNDA» аясындағы кездесулер жастардың пікірін тыңдап, олардың бастамаларын қолдауға арналған маңызды алаңға айналуда.

«Жастардың үні тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай аудандар мен ауылдарда да естілуі керек. Себебі өңірдің дамуы – белсенді жастардың идеясы мен бастамасына тікелей байланысты. Сондықтан олардың ұсынысын тыңдап, бастамаларына қолдау көрсету - басты міндеттердің бірі. «AMANAT» партиясы әрқашан жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Халық үніне құлақ асатын Парламентте белсенді, интеллектуал жастарға әрқашан орын бар. Ал «BIR TOLQYNDA» - жастар мен ел ағаларының ашық пікір алмасуына мүмкіндік беретін, олардың мәселелерін тыңдап, сұрақтарына оң шешім табатын  тиімді диалог алаңы. Осындай кездесулер арқылы біз жастардың ой-пікірі мен жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз», - деді Ерлан Саиров.

Кездесуге 150-ден астам өңір жастары қатысып,  саяси белсенділік, шет аудандарда жұмысқа орналасу, жас мамандарды қолдау, студенттерге берілетін қолдау тақырыбы, NEET санатындағы азаматтар мәселесі және өзге де өзекті тақырыптарды қозғап, халық қалаусынан керекті жауаптарын ала білді. Мәжіліс депутаты әр сауалға жеке тоқталып, заңнамалық бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Жиынның екінші бөлігінде жастар саясаты, экологиялық мәдениет және кәсіпкерлік тақырыптары кеңінен талқыланды. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы кеңесшісі, жастар жобалары және аналитика басқармасының жетекшісі Жансая Қуанышбекова жастарға арналған партиялық бастамалар мен жобаларға тоқталды. Сондай-ақ жастардың мемлекеттік шешім қабылдау процестеріне қатысуын күшейту, көшбасшылық қабілетін дамыту және өңірлік жастар ұйымдарының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар туралы айтты.

Эко-белсенді Ясса Танир экологиялық мәдениет қалыптастыру мәселесін көтеріп, «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Ол жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін енгізу, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы азаматтық бастамаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, экобелсенділік бүгінде тек сенбілікпен шектелмей, тұрақты өмір салтына айналуы керек екенін жеткізді.

Ал жас кәсіпкер әрі блогер Арслан Дәуітбек жастар арасында кәсіпкерлік мәдениетті дамыту тақырыбында сөз сөйледі. Ол жеке бренд қалыптастыру, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану, тәуекелден қорықпау және шағын идеядан үлкен кәсіпке дейін өсу жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Спикер қазіргі жастар үшін цифрлық мүмкіндіктерді тиімді қолданудың маңызына тоқталып, еңбекқорлық пен тұрақты даму қағидалары кәсіптің табысты болуына негіз болатынын айтты.

Жастар қанаты өкілдерінің айтуынша, дәл осындай форматтағы диалог алаңдары Қазақстанның түкпір-түкпірінде қатар өткізілуде. Мәселен, бүгін Ақтөбе мен Түркістан облыстарында «BIR TOLQYNDA» аясында кешенді шаралар өтуде.

22 мая 2026
ШҚО-да «Ұлан» көлік-логистикалық кешені пайда болады

Шығыс Қазақстан облысында «Ұлан» көлік-логистикалық кешені жобасы іске асырыла басталды. «Ұлан» көлік-логистикалық кешені жобасын «Dosjan temir joly» АҚ жүзеге асырады.

Бұл өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жаңа нысан аймақ экономикасын дамытудың маңызды бөлігіне айналып, Шығыс Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін күшейтіп, ірі индустриялық жобалар үшін заманауи логистикалық база қалыптастырады.

«Ұлан» көлік-логистикалық кешені Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің маңында, республикалық Алматы-Өскемен тасжолы мен теміржол желісінің түйіскен тұсында бой көтереді. Оның мұндай тиімді жерде орналасуы жүк қабылдау, сақтау және жөнелту процестерін оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Аумағы 18 гектардан асатын кешен құрамына контейнерлік терминал, «A» және «A+» санатындағы заманауи қоймалар, теміржол мен кеден инфрақұрылымы, жүктерді сақтау алаңдары кіреді. Жобаның жылдық қуаттылығы шамамен 895 мың тонна жүкті құрайды. Ал контейнерлік терминал жыл сайын 32 мыңнан астам контейнерді өңдей алады.

Жоба агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін де айрықша маңызға ие. Кешен аумағында 25 мың тонна астық пен 10 мың тонна майлы дақылдарды сақтауға арналған қуат көздері қарастырылған. Бұл ең әуелі Шығыс Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орталық Азия елдері және Қытаймен сауда байланыстарын нығайтуға жол ашады.

Сонымен қатар «Ұлан» көлік-логистикалық кешені Өскемен маңында салынатын болашақ жылу электр орталығының негізгі логистикалық алаңына айналмақ. Мұнда құрылысқа қажетті жабдықтар мен материалдар қабылданып, өңделіп, сақталады.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кешеннің іске асырылуы өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

«Бүгін біз Шығыс Қазақстандағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірінің негізін қалап отырмыз. «Ұлан» көлік-логистикалық кешені - жай ғана логистикалық нысан емес, өңір экономикасының ұзақ жылдар бойы дамуына қызмет ететін стратегиялық алаң. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке инвестициялар тартуға, облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға және өнеркәсіп, аграрлық сектор мен көлік инфрақұрылымының дамуына тың серпін береді», - деді аймақ басшысы.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде теміржол инфрақұрылымы, контейнерлік терминал және кеден аймағы салынады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл басталып, бірінші кезеңді келесі жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Салықтар
22 мая 2026
ШҚО-да «Халық бухгалтері» акциясының қызметін 2 мыңнан астам салық төлеуші пайдаланды

«Халық бухгалтері» акциясы биылғы жылдың 5 қаңтарынан бастап Өскемен қаласында іске қосылды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) хабарлауынша, акция аясында мамандар қызметіне екі мыңнан астам адам жүгінген.

-Аталған акция кәсіпкерлік субъектілеріне Салық кодексінің нормаларын, арнайы салық режимдеріне көшуге қатысты өтпелі ережелерді, салық және бухгалтерлік есептілікті тапсыру тәртібін, ақпараттық жүйелерді түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

5 қаңтардан бері акция аясында екі мыңнан астам салық төлеушіге қызмет көрсетіліп, оларға арнайы салық режимдері, өтпелі ережелер, ҚҚС бойынша есепке қою және есептен шығару, мобильді аударымдар, мобильді қосымшалар мен ақпараттық жүйелердің жұмысы, салықтық және бухгалтерлік есептілік, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша кеңес берілді, - деді ШҚО бойынша МКД басшысының орынбасары Қазыбек Қойшинов.

Оның айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі «Халық бухгалтері» мамандарының жұмысына оң бағасын берген. Сонымен қатар, МКД өкілдері акцияның 30 маусымға дейін жалғасатынын мәлімдеді.

Акция аясында кеңес алу үшін Өскемен қаласы, Назарбаев даңғылы, 86 мекенжайындағы Қызмет көрсету орталығының 3-қабатында орналасқан Өскемен қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуге болады. Кеңестер аптасына екі рет - сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

22 мая 2026
Құрбан айт мерекесіне дайындық: ШҚО-да 13 арнайы құрбандық шалу орны белгіленді

Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылғы 27-29 мамыр аралығында мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтеді. Биыл 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де облыстағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, мерекелік шаралар үш күнге жалғасады.

Мереке қарсаңында өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық-ветеринарлық талаптарды сақтау және құрбандық шалу орындарын ұйымдастыру мәселелері ерекше бақылауға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев мәлімдеді.

Шара аясында қайырымдылық акциялары өткізіліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға құрбандық еті мен азық-түлік себеттері таратылады. Өңір бойынша аталған қайырымдылық көмегімен 100-ге жуық отбасы қамтылмақ.

Облыс орталығы – Өскемен қаласында негізгі мерекелік шаралар Халифа Алтай мешіті маңында өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, қоғамдық сауда орындары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қала және аудан әкімдіктері мерекелік іс-шаралар бағдарламаларын бекітіп, арнайы 13 құрбандық шалу орнын анықтады.

Атап айтқанда: Өскемен қаласы - Атығай асуы (Алматы–Өскемен тас жолы); Риддер қаласы - Д.Қонаев атындағы Риддер қалалық мешіті; Алтай ауданы - «Тенар» қожалығы; Глубокое ауданы - «Тастанбеков Ж.Т.» ЖК; Зайсан ауданы – «Шығыс-А» мал сою пункті; Күршім ауданы - «Мойнак» шаруа қожалығы; Тарбағатай ауданы - Ақжар ауылы; Ұлан ауданы - Атығай асуы; Үлкен Нарын ауданы - Горный көшесі, 8/1; Шемонаиха ауданы - Вокзальная көшесі, 236; Катон-Қарағай ауданы - Катонқарағай ауылы, Абай көшесі, 82; Марқакөл ауданы - Қалжыр ауылы; Самар ауданы - Аққала ауылы, «Самар-Вет» мал сою алаңы.

Мереке күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Осыған байланысты облыстық Дін істері басқармасы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларын бағаны негізсіз көтермеуге шақырды.

Құрбан айт мерекесі аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да қатар жүргізіледі. Акция барысында мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда тазалық пен санитарлық талаптарды сақтау жұмыстары күшейтіледі.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

 

Білім беру
22 мая 2026
Қос мерейтой: ШҚО-дағы Валеологиялық мектептің 25 жылдығы және оның тәлімгері – ҚР ПҒА президентінің 75 жылдық мерейтойы

Бүгінде Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының (ҚПҒА) құрамында Шығыс Қазақстаннан 19 ғалым-педагог еңбек етуде. Бұл өңірдің жоғары ғылыми әлеуетін айқын көрсетеді. Олардың қатарында зерттеуші-педагогтар ғана емес, білім беру саласын басқару органдарының басшылары, облыстың білім беру саясаты мен тәжірибесін қалыптастыратын әдіскерлер де бар.

Зерттеу және инновациялық қызметке жан-жақты сараптамалық бағалау жүргізу нәтижесінде ШҚО Білім басқармасына қарасты Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің ұжымы Академияның ұжымдық мүшесі ретінде қабылданды.

Биыл Валеологиялық мектептің құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Мектеп-кешеннің негізін қалаушы – ҚПҒА және ХЭҚА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Андрей Ахаев. Ол Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде денсаулық сақтауға бағытталған білім беру бағытын дамытуға елеулі үлес қосты. Сонымен қатар мектептің ғылыми жетекшісі ретінде ғылыми-тәжірибелік қызметтің тұтас жүйесін қалыптастырды.

– Шығыс Қазақстанның педагогикалық қауымдастығы үшін Академия құрамында болу, ғылыми-тәжірибелік тәжірибені тарату, ғылыми қызметке қатысу және елдің жетекші ғалымдарының қолдауына ие болу – үлкен мәртебе. ҚПҒА мүшелігі – кәсіби жетістіктерді мойындау ғана емес, зерттеушілік мәдениетті одан әрі дамытуға, кәсіби көшбасшылықты нығайтуға және өңірлік әрі ұлттық деңгейде білім сапасын арттыруға серпін беретін маңызды фактор, – дейді Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің басшысы, ҚПҒА академигі Наталья Ахаева.

Бүгінде Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешені Қазақстандағы үздіксіз денсаулық сақтауға бағытталған білім беру жүйесіндегі жалғыз «балабақша – бастауыш мектеп» ғылыми-эксперименттік кешені болып табылады. Мектеп ғылыми-тәжірибелік зерттеулер зертханасында әзірлемелер жүргізіп, мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді қамтамасыз етеді, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа білім беру технологияларын сынақтан өткізіп, енгізумен айналысады.

Ал мектеп ұжымының тәлімгері – Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі әрі президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов. Биыл ол 75 жылдық мерейтойын атап өтуде.

– Мен үшін академик А.Қ. Құсайынов – танымал ғалым әрі ғылым саласындағы мемлекет қайраткері ғана емес, педагогикалық зерттеулер бағытындағы ұстаз әрі тәлімгер. Кәсіби ынтымақтастық барысында профессор Құсайынов мектепте қалыптасқан дарындылықты дамыту жүйесінің әлемдегі жетекші білім беру модельдерінің тәжірибелерімен деңгейлес екенін бірнеше рет атап өтті. Мұндай баға ұжымның ғылыми және әдістемелік қызметін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарына айналды, – дейді Наталья Ахаева.

Оның айтуынша, Асқарбек Құсайынов жетекшілік ететін Педагогикалық ғылымдар академиясы бүгінде республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді ғылыми алаңға айналды. Академия зерттеушілерді, практиктер мен басқарушыларды біріктіріп, интеллектуалдық және шығармашылық дарындылықты дамыту, білім беру мазмұнын жаңарту, цифрлық трансформация, әлемдік білім беру модельдерін салыстырмалы талдау секілді өзекті бағыттар бойынша кәсіби диалог кеңістігін қалыптастыруда. Академия ғылыми идеяларды біріктіретін әрі педагогикалық қауымдастықтың кәсіби өсуінің орталығына айналды.

Педагогтер Асқарбек Құсайыновтың ғылыми ұстанымшылдығын, стратегиялық ойлау қабілетін, зерттеу сапасына жоғары талап қоя білетіндігін, өңірлік бастамаларға ерекше көңіл бөліп, жас ғалымдарға қолдау көрсететінін атап өтеді.

– Біз Асқарбек Қабыкенұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Оның мол ғылыми және өмірлік тәжірибесі зерттеушілердің жаңа буыны үшін бағыт-бағдар болып қала берсін, ал өзі құрған ҚПҒА еліміздің үздік интеллектуалдық күштерін топтастыратын орталық ретінде одан әрі дами берсін, – деп құттықтады академик А.Құсайыновты ұжым атынан Н.Ахаева. – Оған зор денсаулық, шығармашылық ұзақ ғұмыр, жаңа ғылыми жетістіктер және қазақстандық педагогика ғылымының халықаралық беделін одан әрі нығайту жолында табыс тілейміз.

Фотосуретте: Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті А. Құсайынов; Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінің жетекшісі Н. Ахаева, директордың орынбасары И. Стеблецова, директордың орынбасары Р. Маликов, мектеп оқушылары.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Мәдениет
Пресс-релиздар
21 мая 2026
ШҚО-да Мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтілді

Шығыс Қазақстан облысында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні салтанатты түрде атап өтілді. Мерекелік шара қала сыртындағы «The Forest» мейрамхана кешенінде өтіп, оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, кітапхана мен музей саласының мамандары қатысты.

Шара аясында сала үздіктеріне ведомстволық наградалар, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табысталды. Аймақ басшысы мәдениет қызметкерлерінің рухани мұраны сақтау, өнерді дамыту және Шығыс Қазақстанның мәдени имиджін нығайту жолындағы айрықша еңбегін атап өтті.

«Тамыры терең тарих пен тағылымға бай Шығыс Қазақстан – өнер мен руханияттың алтын бесігі. Әр ұйымдастырылған шара, әр қойылым, әр сурет пен кітап көрмесі – туған өлкеміздің рухани келбетін айшықтай түсетін игі еңбек. Қасиетті Шығыс өңірінің мәдениетін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін!», - деді ШҚО әкімі.

Кеш қонақтарына қазақстандық эстрада жұлдыздары Нұрлан Абдуллин мен Мақсат Рахметтің және өңірдің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Шара барысында жас таланттарға және Шығыс Қазақстанды республикалық әрі халықаралық деңгейде табысты танытып жүрген шығармашылық ұжымдардың жетістіктеріне ерекше көңіл бөлінді.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Білім беру
Туризм
Пресс-релиздар
21 мая 2026
ШҚО әкімдігінде оқу жылының аяқталуы, жазғы демалыс және туризм мәселелері қаралды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиында оқу жылының аяқталуы және оқушылардың қорытынды аттестациясына дайындық туралы сөз етілді.

ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, өңірдегі 99 мыңнан астам мектеп оқушысының ішінде 11-сынып бітірушілерінің саны – 5 192. Оның ішінде 500-ге жуық түлек «Алтын белгі» белгісіне, 439 оқушы үздік аттестат алуға үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 4 300-ден астам түлек немесе жалпы санының 84%-ы қатысуды жоспарлап отыр.

«Алтын белгіге» үміткерлердің құжаттары арнайы комиссиямен белгіленген талаптарға сәйкестігі бойынша тексерілді. Денсаулық жағдайына және өзге де дәлелді себептерге байланысты емтихандардан босатылатын оқушылардың тізімі қалыптастырылуда. 9-сынып оқушыларына арналған емтихан материалдарын әзірледік. Емтихандарды өткізуге қажетті жағдайлардың жасалуы тұрақты бақылауда», - деді ол.

Әкімдік отырысы барысында жазғы туризмге және шомылу маусымына дайындық жайлы да айтылды.

«Өткен жылы облысқа келген туристер саны 4,4%-ға өсті. Өңірде туристерге арналған 412 орналастыру орны жұмыс істейді. Ондағы біржолғы сыйымдылық 21 мыңнан астам төсек-орынды құрайды. Туристік саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі - 21,6 млрд теңге. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 36 санитарлық-гигиеналық торап бар, олардың 17-сі субсидияланады. Сонымен қатар сұранысқа ие туристік бағыттар бойынша қосымша 9 торап орнату мәселесі басқарма тарапынан пысықталуда», - деді облыстық Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.

Баяндама жасаған ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов облыс бойынша жаппай демалуға және шомылуға арналған 23 аумақ барын мәлім етті. Оның ішінде 9 коммуналдық, 8 жеке, 1 муниципалды жағажай бар.

«Департаментке су айдындарының түбін тексеру бойынша сүңгуірлік жұмыстарды жүргізуге 11 өтінім келіп түсті. Бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін жүргізіледі. Облыс акваторияларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 5 құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ шомылу маусымы кезінде Самар ауданының Сарыбел ауылдық округінде құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді арнайы техника мен жүзу құралдарына орналастыру арқылы жылжымалы құтқару бекетін іске қосу жоспарланған», - деді ол.

Нұрымбет Сақтағанов соңғы қоңырау мен емтихандарды өткізу кезінде ең бастысы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.

«Мектеп автопаркін жаңарту мәселесін ШҚО Білім және Экономика басқармалары бірлесіп пысықтаңыздар. Колледж түлектерінің мамандық бойынша жұмысқа орналасуын қадағалау керек. Туристік маусым кезінде облысқа келген демалушыларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Жолда полиция қызметкерлерінің туристерді себепсіз тоқтатуына жол бермес үшін оларға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», - деді аймақ басшысы.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

21 мая 2026
ШҚО-да жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Әсет Бейсенұлы Сұлтанов тағайындалды.

Әсет Сұлтанов 1985 жылғы 27 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Шар қаласында дүниеге келген.

2008-2011 жылдары Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін «Жол қозғалысын ұйымдастыру» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2010 жылы Жарма ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде инспектор болып бастаған. Әр жылдары «Өскемен-Тәртіп» коммуналдық кәсіпорнында инженер, Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

Осы тағайындауға дейін Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Социальные сети
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі
Ютуб канал акимата Восточно-Казахстанской области
akimatvko
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты