Сайын Шапағатов ауылында мәдениет үйі ашылды
Бүгін Сайын Шапағатов ауылдық округінде 500 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатында
аудан әкімі Рахат Елтизаров сөз сөйледі.
– «Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп дана халқымыз тек айтпаса керек. Осы орайда ауданымызда мәдениет саласын дамыту бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның бірі осы мәдениет үйінің салынуы. Бұл күн көптен күткен ауыл тұрғындарының қуанышы деуге болады. Бүгінгі заманда мәдениет, өнер және кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүгін де Қазақстан еңсесін тіктеп, жан-жағына жақсы атымен танылған жайсаң жұртқа айналды. Экономикалық дамудың оң жолын қалыптастырды. Осы орайда, ел мәдениеті де жарқырай түсіп, халық арасынан рухани кемелденген небір талантты, небір дүлдүл ақын, жазушылар шығып Қазақ елінің атын әлемге танытуда. Мынау киелі шаңыраққа құт-береке, халықтың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатындағы рухани-ағартушылық істеріне сәттілік тілеймін!,- деді Р. Елтизаров
Сондай-ақ мәдениет үйінің құрылысын салушы медігер «Альянс ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асқар Сайынұлы Керелбаев тілектерін білдірді.
Ашылу салтанатында Сайын Шапағатов ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасының орынбасары Көптілеуов Сәуірбай ағамызға және Батыр ана, Еңбек ардагері, Республикалық «Абысын-Ажын» байқауына қатысып 9 келінімен Бас жүлде иегері атанған өнер мен мәдениет жанашыры Далбаева Қымбат Бағыбайқызы апамызға символикалық кілт табыстап, жаңа ғимараттың лентасы қиылды.