Сәуле Мешітбайқызы: ұлттық құндылық әр отбасында болу керек
Бүгін аудан орталығы Форт-Шевченко қаласында ұлттық тәрбиенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру бағытында «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызымен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты кездесу өтті.
Отбасы құндылықтарын дәріптеу, балаларды мейірімділікке, бауырмалдылыққа бағыттау мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге аудан әкімі Рахат Елтизаров, аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев, «Маңғыстау облысының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серікбай Төлетов, облыс әкімінің отбасы және әйелдер мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жақсыгүл Маханбетова, облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдер туризм орталығы директорының орынбасары Жиде Жеткізген, "Маңғыстау медиа" ЖШС директорының кеңесшісі Лаура Тындырғанова, білім беру ұйымдарының директорлары мен ұстаздар, жастар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Кездесуде Сәуле Мешітбайқызы:
- Біз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Қазіргі заманғы әлеуметтік желі бала тәрбиесіне деген кері әсерін тигізіп барады. Балаларды мейірімділікке, инабаттылыққа, бауырмалдыққа бағыттауымыз керек. Ұлттық құндылық әр отбасында болу керек, ‐ дей келе өзекті мәселелерге тоқталды.
Кездесуде Сәуле Мешітбайқызы бірнеше тақырыпты талқылап, өз ойын ортаға салды.