Самғатқан сан талантты алтын ұям

Самғатқан сан талантты алтын ұям
Самғатқан сан талантты алтын ұям
Бүгін, 24 мамырда аудандық мәдениет үйі ғимаратында Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінің 45 жылдық мерейтойына арналған «Самғатқан сан талантты алтын ұям» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік шара Ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Б. Көбенғалиевтың "Мерекелік увертюра" шығармасымен басталды. Кейін Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров өнер мектебінің мерейтойымен құттықтады.
- Қадірлі аудан тұрғындары және қала қонақтары! Қымбатты өнер сүйер қауым! Баршаңызды бүгінгі аталып өтіп жатқан Түпқараған аудандық Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінің 45 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Түпқараған ауданы жусанынан жыр тұнған, кеудесінен күй тұнған, қойнауынан құпиялы сыр тұнған түбектегі ең қасиетті де, киелі өңірлердің бірі. Жүрегін жыр тербеген, күмбезін ән әлдилеген, түртіп қалсаң тау мен тасы ән салған, тамаша табиғатымен тамсандырып, таңғажайып тарихымен талайларды таңқалдырған маңғаз мекен Түпқараған өлкесі өнерге бай өлке. Сыпыра жыраудан бастап,көкірегі дария көмбелі қария Мұрын жырауға дейінгі өлкедегіақпа-төкпе ақындардың, небір дүл-дүлдер мен дүрлердің табаны тиген топырақ. Осы құтты ордадан талай дүл-дүлдер мен жайсаңдар қанат қағып ұшқанқандығын мақтанышпен айтуға болады. Жайсаңдар мен дүлдүлдердің қанат қағуына бастау алар нүктесі мәдениет пен өнер саласы десек артық айтпағандығымыз. Жалпы айтқанда өнер мен мәдениетті егіз ұғым. Ауданымызда халықтың рухани талабын қанағаттандыру бағытында Мәдениет үйі жұмыс жасаса,балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, өскелең ұрпақтың сана-сезімін, мәдениетін дамытып, өнерге баулу мақсатында Мұрын жырау атындағы Өнер мектебі жұмыс жасап келеді. Шәкірттерін өнермен сусындатқан Мұрын жырау атындағы өнер мектебіне биыл 45 жыл толып отыр. 45 жылда талай саңлақтар ұядан ұшып, өмірден де өнерден де өз орындарын тауып, елге, қоғамға қызмет етуде. Алдағы уақытта да ұстаздарымыздың еңбектеріне жеміс, толағай табыстар тілей отырып, ізбасар шәкірттеріңіз көп болсын демекпіз. 45 жылдық мерей той құтты болсын, - делінген құттықтауында.
Аудан басшысы өнерге өзіндік үлесін қосып, шәкірт тәрбиелеп жүрген бірқатар ұстазға Түпқараған ауданының Құрмет грамотасын, «Түпқараған ауданының құрылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісін, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінің 45 жылдық мерекелік төсбелгісі мен Алғыс табыстады.
Мерекелік шарада өнер мектебінің негізін қалаушы тұлғалардың өмірбаяны мен естеліктері, мақалалары және киелі өңірдің өнерін жалғастырушылар туралы жайттарды баян еткен «Самғатқан сан талантты алтын ұям» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Сонымен бірге облыстық білім басқармасының бала құқықтарын қорғау, арнайы және инклюзивті бөлімінің басшысы Шынар Байдуллаева басқарма басшысы Динара Жұмашеваның құттықтауын жеткізіп, марапат табыстады.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандарға рухани-мәдени демалыс сыйлады.
Айта кетейік, 1976 жылдан бері өнер мектебінен 3400-ден астам түлек түлеп ұшты.