Түпқарағанда «Азаттық аңсаған Алаш арысы» атты аудандық танымдық-практикалық конференция өтті

Түпқарағанда «Азаттық аңсаған Алаш арысы» атты аудандық танымдық-практикалық конференция өтті
Бүгін, 21 желтоқсанда Қайраткер Жалау Мыңбайұлының туғанына 130 жыл толуына орай, «Азаттық аңсаған Алаш арысы» атты аудандық танымдық-практикалық конференция болып өтті. Алаш ардақтысының атына берілген мектеп-гимназиясында орналасқан ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған шара, аудандық мәдениет үйі ғимаратында конференцияға ұласты.
 
Конференцияны мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Құрмет орденінің иегері Айкүміс Досанова ашып, жүргізді.
Алғашқы құттықтау сөз алған аудан әкімі Рахат Елтизаров Жалау Мыңбайұлының өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау басты парыз екенін тілге тиек етті.
 
- Ғасырлар қойнауына құт болып жеткен, қасиет дарыған, кие қонған Каспий теңізінің жағасында орналасқан Түлеген түбек Түпқараған ауданына қош келдіңіздер. Еліміз қай заманда да марқасқа перзентке кенде болмаған, солардың бірегейіЖалау Мыңбайұлы екені сөзсіз. Ұлт руханиятының өзегі, ұлттық сананы қайта сілкінтіп, ұрпақтар сабақтастығының алтын тінін қайта жалғауда тарихтың қатпарларына түрен салар танымдық-практикалық конференциялардың маңызы аса зор деген ойдамын. Алаш арысы, қаламы қарымды журналист, публицист, Маңғыстауда кеңес өкіметін орнату жолындағы белсенді күрескер,көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының туғанына130 жыл толуына орай ұйымдастырылған аудандық танымдық-практикалық конференция да күні ертең тарих беттерінің куәсі боп қалады. Жақын арада арда азаматтың құрметіне орай Елорда төрінде тағылымы мол халықаралық конференциясы өткен болатын. Ұлтын ұлықтаған, елінің келешегін болжаған Жалау Мыңбайұлы секілді біртуар азаматтардың үлгілі өмірбаяны, халық үшін жасаған ардақты істері ел жадынан шығуы мүмкін емес. Осындай ұлыларымызды ардақтау,олардың есімдерін ел есінде қалдыру шараларын ұйымдастыру ісі де тарих беттеріне қосылған игілікті істердің бірі болмақ. Көрнекті қоғам қайраткерінің ғибратты ғұмыры Маңғыстау өлкесінен басталып, Қызылордаға ұласты. Тарих арнасы жеке адам, жиынтығы халық деген қағидаға сүйенсек, қатардағы жұмысшыдан, Қазақстан орталық атқару комитетінің төрағалығына дейін көтерілген бірегей тұлға тұтас елімізге ортақ. Өйткені, мұраты- ұлт тағдыры, мақсаты - азаттық, аңыз адамға арналған істерімізге береке тілеймін. Жас ұрпақтың есінде алаш ардақтысының есімін мәңгі қалдыруға ұйымдастырылып отырған бүгінгі танымдық-конференция жұмысына сәттілік тілей отырып, Жалау ата елінің атынан үлкен ризашылығымызды білдіремін. Ұлы халықтар тарихын ісімен, сөзімен және өнерімен жазады. Сондай ұлы халықтың өкілі - Жалау Мыңбайұлының есімі елі мен халқының мәңгі есінде! Тәуелсіз Қазақстанымыз өркендеп, елімізге бақ береке берсін. Бүгінгі танымдық-практикалық конференцияда Жалау Мыңбайұлының өмір жолынан мағұлымды, тың деректер айтылады деген сенімдемін. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімі өз сөзінде.
 
Конференция тақырыпқа сай баяндамалармен жалғасты. Атап айтар болсақ, «Кіші қазан» саясатына қарсы күрескен қайраткер Жалау Мыңбаев» тақырыбында Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі бойынша облыстық жұмыс тобының мүшесі Бауыржан Айманов, «Әлихан Бөкейханның Адай сапары және өңір тұлғаларына ықпалы» тақырыбында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, PhD, Әлихантанушы Сұлтанхан Жүсіп, «Жалау Мыңбаев өмірі, ұрпаққа үлгі» тақырыбында Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Элмира Қалымбаева баяндаса, «Ақжол» демократиялық партиясының МОФ орынбасары Гүлмайса Шаңбаева «Қайраткер Жалау Мыңбайұлын насихаттау бағытында атқарылған іс-шаралар» тақырыбында сөз алды. Сонымен қоса, Түпқараған аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Гүлхасира Тәжбенова «Алаш арыстарын түпқарағандық жастар ұлықтайды» тақыбырында баяндама жасады.
 
Құттықтау сөз алған «Ақжол» ҚДП МОФ төрағасы Жаңбырбай Матаев Жалау Мыңбайұлының еліне сіңірген еңбегі үлгі-өнеге екенін айтты.
Шара барасында Жалау Мыңбайұлы ұрпақтары атынан Ғабит Тәңірбергенов сөз сөйледі.