NCOC компаниясының демеушілігімен 300 балаға арналған Жаңа жыл шыршасы өтті

NCOC компаниясының демеушілігімен 300 балаға арналған Жаңа жыл шыршасы өтті
Бүгін, 22 желтоқсанда аудан әкімі Рахат Елтизаровтың қатысуымен NCOC компаниясының демеушілігімен 300 балаға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті.
Шараға жиналған балаларды аудан әкімі Р. Елтизаров Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, болашақтарының жарқын болуын тіледі.
 
- Жаңа жыл мерекесі – баршамызға жайдары көңіл-күй мен зор үміт әкелетін айрықша сәт. Әрбір азамат, әрбір шаңырақ үкілі үмітпен, ізгі ниетпен және ақ тілекпен қарсы алады, жаңа жылдан жақсылық күтеді. Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Елімізде атқарылып жатырған жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр. Барша балаларды жаңа жылмен құттықтай отырып, Жаңа жыл әр отбасыға амандық, баршаңызға мықты денсаулық, елімізге береке-бірлік тілеймін! Келер жыл жағымды жаңалыққа, қуанышты сәттерге толы болсын! Жаңа жыл құтты болсын, - деді аудан әкімі өз сөзінде.
 
Сонымен қатар, Түпқараған аудандық мәслихат хатшысы Дәулеткерей Меңдіханов пен NCOC компаниясының Баутин базасының менеджері Владимир Владимиров құттықтау сөз сөйледі.
 
Жаңа жылдық кеште балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге ән айтып, би биледі. Оларға арнап қызықты қойылымдар қойылып, компания тарапынан мерекелік сыйлықтар мен 25 мың теңгелік сертификаттар тарту етілді.