- «Қадірлі аудан тұрғындары! Сіздерді қастерлі мерекеміз 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», - деген болатын. Бұл – расымен де, тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Өйткені, республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25-қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл – қазақ тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді мереке етіп өткізу қазақ халқының қуанышы деп білемін. Осы уақыт ішінде көп ұлтты, бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, келешегі кемел ел болдық. Бұл – ұлт пен ұлыстың татулығы, отандастарымыздың табанды еңбегі мен ерік-жігерінің жемісі. Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Түпқараған ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Бұл тарапта әрбір түпқарағандықтың еңбегі, лайықты үлесі бар. Біз алдағы уақытта да ауданымыздың жоспарлары мен мақсат-міндеттеріне орай аймақ дамуындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешіп, ел тұрмысын жақсартудағы тапсырмаларын орындау арқылы Қазақстанның гүлденуіне әрмен қарай үлес қосамыз деп сенемін. Баршаңызды осынау айтулы ел халқының бірлігі мен берекесін ұлықтайтын ұлттық мерекемізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Іргеміз берік, бірлігіміз бекем болсын! Мереке құтты болсын, ағайын!», - деді аудан басшысы өз құттықтауында.