40 жылдық тарихы бар мектептің мерейтойы өтті
Қызылтөбе ауылдық мәдениет үйінде №2 мектептің 40 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Мерейлі кешке мектептің ардагер ұстаздары мен бұрынғы басшылары, қазіргі мектеп ұжымы қатысты.
«Сөз бен саз» бағдарламасымен бірлесе өткен кеште мектептің талантты шәкірттері өнер көрсетіп, ұстаздарына, туған жеріне арнап ән шырқады. Ал ұстаздар қауымынан құралған әжелер ансамблі халық әндерін айтып, жиналған қауымның құрышын қандырды.
Қызылтөбе мектебі алғашында 836 шәкіртті білім нәрімен сусындатып бастаған. Қазіргі таңда мектеп 1500-ге жуық шәкірттің өне бойына ілім-біліммен қатар, тәрбиелік жұмысты да тән-тамырына тамызып келеді.
Қабырғасы енді ғана қаланған білім ордасына алғаш болып ардақты ұстаз - Даң Сисен Боқыбайұлы директор болды. Одан соң бұл кезекті Ғабдолла Әкімұлы, Төлеген Максим Салемханұлы, Курашев Ерғали, Аталиков Якуб Каирович сынды білікті мамандар жалғастырып, мектептің гүлденуіне үлес қосты
Кеш барысында Маңғыстау облыстық педагогтерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы - Тәрбия Бәйімбетова еңбегі сіңген бірнеше ұстазды марапаттады.
Бұдан соң, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Сара Ноғаева мектеп ұжымын мерейтойымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ, бірқатар ұстазға Мұнайлы ауданы әкімінің алғыс хатын табыстады.
- Сіздерді біріншіден бүгінгі Халықаралық Алғыс айту күнімен және сан мыңдаған шәкіртке құтты білім ордасы болған №2 мектептің 40 жылдық мерейтойымен, шын жүректен құттықтаймын! Осы 40 жыл ішінде мектеп бірталай жетістіктерге жетіп, ауданымыздың мақтанышына айналды десем артық емес. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттер бүгінгі күні талай белестерді бағындырып, шартарапта үздік маман атанып жүргені көңіл қуантады. Ауданымыз көркейіп, ауылымыз ажарлана түссін! Зейіндеріңіз ашылып, білімдеріңіз шыңдала берсін! - деді Сара Ноғайқызы.