АҚМАРЖАН ҚАЛАҒА ТАРТУ: АҚТАУДА МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ӨТТІ

АҚМАРЖАН ҚАЛАҒА ТАРТУ: АҚТАУДА МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ӨТТІ

Маңғыстау облысының 50 жылдығы, Ақтау қаласының 60 жылдығына орай 2-4 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында
Мұнайлы ауданының мәдени күндері өтті.

2 күнге созылған шараның алғашқы күнінде 26 шағын ауданда азық - түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сауда-саттықтың басты мақсаты- халыққа нарықтағы бағадан арзан әрі сапалы өнімді ұсыну. 30-ға жуық кәсіпкер қатысып, қала тұрғындарына өз өнімдерін төмен бағада ұсынды.

Мерекенің жалғасы 15 шағынаудандағы амфитеатрда концерттік шарамен ұласты. Теңіз жағалауына бой сергітуге келген тұрғындарға арнап спорттық ойындардан жарыс және қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті.

Ашық аспан астындағы әдемі кеште Мұнайлы ауданының мәдениет қызметкерлері «Маңғыстау шежірелі құт – бесігім!» атты мерекелік концерт ұйымдастырды. Кеште ел мен жер, Отан туралы алуан түрлі әндер айтылып, дәстүрлі әнге де кезек берілді. Кеште ҚР мәдениет қайраткері, композитор - Есенбай Құли әуезді ән шырқап, көрермен көңілін бір марқайтты.

Қалың көпшілікті аудан әкімінің орынбасары Сара Ноғаева арнайы құттықтап келді.
«Қадірлі  жерлестер! Құрметті қонақтар! Бүгін ерекше күн. Шырайлы өлке, тарихы тереңге жайылған маңғаз мекеніміз 50 жылдық, ақмаржан қаламыз 60 жылдық мерейтойын тойлауда. Киелі түбегімізді жартығасырлық мерейтойымен құттықтай отыра, Мұнайлы өлкеміз мың жасасын дегім келеді. Бізбен сіз болып, әрдайым қуанышты күндерде жүздесейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деді!,-деді ол.

Шара соңында тұрғындар мерекелік көңіл-күймен тарасты.