Аудан әкімі Е.Күмісқалиев №8 мектепте Маңғыстау ауылы тұрғындармен кездесті

Аудан әкімі Е.Күмісқалиев №8 мектепте Маңғыстау ауылы тұрғындармен кездесті

Қыркүйек айына жоспарланған аудан және ауыл, ауылдық округ әкімдерінің халықпен кездесулерінің соңғысы бүгін Бесшоқы тұрғын массивіндегі №8 мектепте өтті. 

Аудан әкімі Е.Күмісқалиев ауыл халқының алдында ауданда тындырылған бірқатар істерді қысқаша баяндап берді. Ауданның ауыз су, жол, тұрғын үй мәселелерін тарқатқан аудан басшысы білім саласындағы жетістіктерді де айрықша атады. 

 Айрақты тұрғын массивінің тұрғындары аудан басшысынан осы ауылдан жаңа мектептің қашан салынатындығын сұрап, ауылдың тазалығы сын көтермейтіндігін, айта-айта жауыр болған тақырыпты күн тәртібінен түсіру үшін ауылдың тазалығына жауап беретін мекемені ауыстырған жөн болар деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тағы бір тұрғын «Рабиға» балабақшасының қасына жол кедергісін қою қажет десе, енді бірі 22 кварталда 4 жылдан бері қаңырап бос тұрған үйді пәтер жалдап жүрген немесе үй кезегінде тұрған азаматтарға тапсыруды өтінді. 

Мектеп мәселесі тұрғысында Е.Көпжасарұлы 900 орындық мектептің жобалық іздестіру жұмыстары жасалып жатқандығын, ал бос тұрған үйдің құжаттары жоқтығын айтып,  мәселені шешу жолдарын қарастыруды орынбасарларына тапсырды. 

Азық-түліктің қымбаттауы тұрғындарға оңай тиіп отырған жоқ. Олар ұнның бағасы шарықтап кеткеніне қапалы. Ауданға тұрақтандыру қоры арқылы жеткізіліп, 8 мың теңгеден сатылатын ұнның базардағы бағасы 12-14 мың теңгені құрайтыны тұрғындардың көңілдерін көншітпей отыр. Кездесу барысында балалардың ойын алаңы, көшелерге атау беру, автобус мәселелері де көтерілді.

Аудан әкімінің сөзінше, бүлдіршіндерге арналған ойын алаңының біреуі биыл Бесшоқы тұрғын массивіндегі «Светофор» дүкені жанынан жеке кәсіпкер есебінен салынбақ.