Мұнайлы ауданының әкімі Е.Күмісқалиев №3 мектепте кездесу өткізді

Мұнайлы ауданының әкімі Е.Күмісқалиев  №3 мектепте кездесу өткізді

Мұнайлы ауданының әкімі Е.Күмісқалиев ауыл, ауылдық округтерді аралап, халықпен көшпелі кездесу өткізуде. Баянды халқымен кездеспес бұрын Атамекен, Басқұдық, Дәулет ауылдық округтерінде кездесу өткен болатын. 

Бүгінгі №3 мектепте өткен кездесуге ауыл әкімі Д.Мұраталиев пен ауыл тұрғындары қатысып отырды. Аудан басшысы ауданда атқарылған жұмыстарға, алдағы жоба-жоспарларға қысқаша тоқталып өтті. 

Халықпен кездесу барысында сұрақтардың көбі жол, су, тоқ, көше тазалығы, қаңғыбас иттер мәселелеріне қатысты қойылады. Бұл жолғы кездесуде де тұрғындар осы мәселелердің қашан, қалай шешілетіндігін сұрап, ұсыныс-пікірлерін жолдады. 

«Баяндының кіреберісіндегі жолға жол кедергісін қою қажет» деді тұрғындар. Өйткені, көліктердің қатты жүруі салдарынан жол апаттарының орын алатындығына алаңдайтындықтарын жеткізді. Аудан басшысы бұл мәселені тез арада шешетіндігін айтты.  

Ауылдың тазалық жағына көңілі толмайтын, «қараусыз жүрген мал иелеріне айыппұл салу керек» деп ұсыныс айтқан, су, тоқ, газ түбіртектерін талап еткен тұрғындар да болды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ауыл клубын тезірек пайдалануға беруді сұраған тұрғындар да табылды. Ит мәселесіне қатысты ауыл әкімінің айтуынша, бүгін 28 ит ауланған. Тұрғындар ит атушылардың таңертеңгісін ертерек келіп жұмыстануын сұрады. Ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз түйір автобусты тұрғындар қанағат тұтпады. Автобустардың тозығы жеткендігі, бұдан бұрын жүріп тұрған екі автобус бұзылып, жарамсыз жатқандығы сөз болды. Аудан басшысы ол мәселені де жақын арада реттейтінін айтып уәдесін берді.