Мұнайлылық мұғалім анимация жасайды

Мұнайлылық мұғалім анимация жасайды

Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 орта мектептің мұғалімі Айгерім Муфтуллаева түрлі анимация жасап жүр. Оның бұл салаға деген қызығушылығы мұғалімдікке алғаш келіп,  жас маман болған шағынан басталған. .

«Негізі бұл идеяны тастаған оқушыларым болды. Ғылыми жобаға оқушы дайындап жүргенімде «Апай, неге мультфильм шығармаймыз?» деген сауал тастады. Содан ізденіп, істеуге болатын нәрсе екеніне көзім жетіп, қызыға бастадым. Нәтижесінде бірнеше анимациялық роликтер пайда болды. Қазір мен дайындаған анимациялық роликтер мектебіміздің оқушылар мен ата-аналарына таратылады», - деді Айгерім Муфтуллаева.

Жас мұғалімнің ең алғаш жасаған анимациясы – ата-аналар мен мектеп оқушыларына арналған нұсқаулық болған. Көп ақпаратты қабылдауы, түсінуі оңай болуы үшін анимация тәсілін тиімді көрген мұғалім бұл идеяны көбісі жақсы қабылдағанынын айтады.

 

«Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  болған соң, анимацияны өз пәніме қалай интеграция жасаймын деген ой туды. Бірден есіме ертегілерді мультфильге айналдыру түсті. Қазір оқушылармен ғылыми жобаларға дайындалып жүрміз. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының анимациялық версиясын шығаруды қолға алдым. Бастамам оң нәтижесін берсе, бұл жобаларымды кең көлемде дамытпақ ойымда бар», - дейді Айгерім Муфтуллаева.

 

Айгерім Муфтуллаева 2019 жылы облыс бойынша «Үздік жас маман» атанды.