Мұнайлылық 37 оқушы «Елбасы медалін» иеленді

Мұнайлылық 37 оқушы «Елбасы медалін» иеленді

Аудан әкімі 37 мұнайлылық оқушыға салтанатты түрде «Елбасы медалін» табыстады. Табыстау рәсімі Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 орта мектепте барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өтті.

«Білім беру саласы бойынша Мұнайлы ауданы өзге аудандармен салыстырғанда көш ілгері. Өткен республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша біздің аудан БИЛ-нен кейінге орындамыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Облыс бойынша да ҰБТ-нәтижесі бойынша әзірге ең жоғары балл біздің ауданға тиесілі. Бұл алдымен өздеріңдей оқу-білімге құштар оқушылардың алға ұмтылысы мен оқытушылардың қажырлы еңбегінің арқасында келген табыс.

Ал «Елбасы медалін» кез келген оқушы ала бермейді. Бұл медальға тек оқ бойы оза шығып, өзінің жан жақты, мықты, жасампаз екенін дәлелдей алған оқушы ғана ие болады. Сондықтан осы марапатқа ие болып отырған оқушыларымызды шын жүректен құттықтаймын! Осы жолдан таймаңыздар, өйткені ел болашағы өздеріңіздің қолдарыңызда. Сіздердей білімді жас ел тізгінін ұстаса қазақ елі жаман бола қоймайды деген ойдамын», - деді аудан басшысы Рахат Тезекбайұлы.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы «Ел үміті» жалпыұлттық бастамасын ұсынды. Бұл бастаманың мақсаты - дарынды балалар мен жастарды іздеуге және қолдауға жәрдемдесу. «Ел үміті» бастамасы аясында үш жоба қарастырылған. Олар  ауылдық жерлердегі балаларды дамытуға бағытталған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы, дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі өңірлік орталықтарды дамыту және  «Елбасы медалі.

«Елбасы медалі» – бұл өскелең ұрпақты тәрбиелеу және үйлесімді дамыту бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №249 қаулысымен он төрттен жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриотизм және белсенді азаматтық ұстаным танытқаны үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидалары бекітілді. «Елбасы медалі» бағдарламасы балалар мен жастарды қолдау және ынталандыру жүйесі болып табылады. Әрбір жас әрі мақсатқа ұмтылған қазақстандық “Елбасы медалінің” иегері бола алады. Спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі сынды даму бағдарламасын көздейтін бағдарлама жеңімпаздарының біздің ауданнан да шыққаны көңіл қуантады.