МАҢҒЫСТАУҒА ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕН МЫҢ ТҮП ЖЕМІС АҒАШЫН АЛЫП КЕЛДІ

МАҢҒЫСТАУҒА ШЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕН МЫҢ ТҮП ЖЕМІС АҒАШЫН АЛЫП КЕЛДІ

Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданына қарасты Мұнайшы ауылында 100х80 метр жерге жылыжай салынуда. Жылыжай аумағына бау-бақша өсіру мақсатында “Реалос” ЖШС-інің директоры Ерлан Бажиков Иран, Грузия, Осетия, Әзірбайжан елдерінен 1000 түп жеміс ағашын алып келді. Арасында алма, алмұрт, абрикос, шие, жүзім мен грек жаңғағының көшеттері бар. Бүгін аталған жеміс ағаштарын егу жұмыстары басталды.

Шаруашылық басшысы Е.Бажиков жылыжайдан мол үміт күтіп отырғанын айтады. “Жылыжай өсіру үшін 2 га жер алдық, 2 жылдай мамандармен ақылдасып, қандай жеміс ағашын өсіруге болатынын зерттедік, талдау жасадық. Нәтижесінде 4-5 мемлекеттің мамандарынан көшет алуға келісіп, үлкен жұмысты бастап кеттік”,-деді Ерлан Ыдырысұлы.

Облыс әкімі С.Трұмов жыл басында барлық аудан әкімдеріне, ауылшаруашылығы басқармасының басшыларына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірде өсірілетін өнім көлемін көбейтуді тапсырған болатын. Бұл жұмыстарға шаруаларды, кәсіпкерлерді көптеп тарту қажеттігін айтқан еді. Осы бағытта жауапты азаматтар нақты шараларды қолға ала бастады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі