ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АВТОПАРКІ 100% ЖАҢАРДЫ

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АВТОПАРКІ 100% ЖАҢАРДЫ

Өткен жылы әлемдік коронавирустық инфекцияның халық арасында таралуын тежеу мақсатында негізгі шаралар қолға алынды. Пандемиямен күреске республикалық және жергілікті бюджеттерден 4,8 млрд.теңге бөлінді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Өкпені жасанды желдету, ультрадыбыстық зерттеу және рентген аппараттары, компьютерлік тамограф, жеке қорғаныс құралдары және т.б. сатып алынды.

Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында соңғы үлгідегі 200 төсек орынмен жабдықталған модульдік стационар салынды.

Былтыр Маңғыстау облысына 86 жедел жәрдем көлігі келді. Осылайша облыстың жедел жәрдем станциясының автопаркі 100% жаңарды.

Бұрынғы перзентхана ғимараты мен облыстық аурухананың оттегі беру жүйесіне жөндеу жүргізілді.

Бұдан бөлек, дәрілік заттардың тұрақтандыру қоры құрылды. Онда екі айдың қажеттілігін ескере отырып, дәрілік заттардың азаймайтын мөлшердегі 2 айлық қоры қалыптастырылып отырады.

Инфекцияның алдын алу мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 1727 төсек-орын дайындалды. Қазіргі уақытта облыстың инфекциялық және провизорлық стационарларында 260 өкпені жасанды желдету аппараты, 638 оттегі концентраторы, 24 рентген аппараты бар.

Медициналық мекемелерді жабдықтау демеушілік қаражат есебінен де жүргізілді. Өткізілетін шараларға жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен жеке компаниялар қолдау көрсетті. Облыс әкімдігін «NCOC», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Өзенмұнайгаз», «Қарақұдықмұнай» және басқа да ірі компаниялары қолдады.
Жалпы облыс бойынша денсаулық сақтау саласында 26 мемлекеттік және 33 жеке меншік медициналық мекеме жұмыс істейді.


2020 жылы 100 төсек орындық облыстық онкологиялық диспансер жұмысын бастады. 2020 жылы Ақтау қаласының 17 шағынауданында «ЯСИН» емханасы іске қосылды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 33 денсаулық сақтау нысанында құрылыс-монтаждау және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бағдарламада барлық аудандар мен қалалардың ауруханалары, Ақшұқыр, Сайын Шапағатов, Бостан, Сайөтес, Басқұдық, Атамекен және Қызылсай ауылдарының дәрігерлік амбулаториялары қамтылған.