МҰНАЙЛЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Аудан әкімі Қанат Құлжановтың қатысуымен және аудандық мәслихат төрағасы Берік Біләловтың төрағалығымен V сайланған Мұнайлы аудандық мәслихатының кезекті қырық үшінші сессиясы өтті.
Сессия барысында 2025 жылғы аудандық және ауылдық бюджеттердің орындалысы жөніндегі есеп бекітіліп, 2026 жылға арналған кондоминиум объектілерін басқару шығыстарының ең төмен мөлшері айқындалды.
Сонымен қатар, халық санының өсуіне байланысты жаңадан құрылған үш сайлау учаскесінің мүшелері бекітіліп, учаскелік сайлау комиссиялары құрамына өзгерістер енгізілді. Жер қатынастары мәселелері жөніндегі комиссия құрамына да кадрлық өзгерістерге байланысты толықтырулар жасалды.
Сондай-ақ, қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің есімдерін Басқұдық ауылындағы бірқатар көшелерге беру туралы ұсыныс Маңғыстау облыстық ономастикалық комиссиясына жолданды.
Сессия қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.