Маңғыстау облысында медициналық мекемелерге жаңа санитарлық автокөліктер табысталды

Маңғыстау облысында медициналық мекемелерге жаңа санитарлық автокөліктер табысталды

Бүгін, 1 желтоқсан күні Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында аудандық орталық емханаға жаңа санитарлық автокөліктердің кілттері табысталды. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыстық мәслихат төрағасы, денсаулық сақтау саласының өкілдері мен ардагерлері қатысты.

Жалпы саны 18 санитарлық автокөлік аудандық және қалалық емханалар мен ауруханаларға үлестірілді. Жаңа санитарлық көліктер Haval M6 базасында жасақталған. Олар пациенттерге алғашқы көмек көрсетуге, сондай-ақ науқастарды медициналық мекемелерге жеткізуге арналған. Көлік бір мезетте 3 адамды (отырып) және 1 пациентті (жатып) тасымалдауға мүмкіндік береді. Жарық-дыбыстық жүйе, каталка, медициналық шкаф және қажетті құралдармен толық жабдықтандырылған.

Өз сөзінде облыс әкімі жаңа көліктердің мобильді топтардың жұмысын жеңілдетіп, ауыл-аймақта көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауларында атап өткендей, халық денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында өңірде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Медицина қызметкерлерінің еңбегі – адам өмірінің қауіпсіздігі мен қоғам игілігінің кепілі. Бүгін табысталып отырған автокөліктер сіздердің жұмыстарыңыздың өнімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында кейінгі жылдары медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Жаңа нысандар салынып, күрделі жөндеулер жүргізіліп, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алған.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі