Маңғыстау ауданында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Ауданда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бүгінде 54 тыл ардагері бар, олардың 15-і бүгінгі шараға арнайы келіп қатысты. Сұрапыл соғыс жылдары тылда тынбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, оларға мерекелік медальдар табысталды.
Шараға аудан әкімі Ғалымжан Ниязов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, тыл еңбеккерлерінің ұрпақтары мен аудан ардагерлері қатысты.
Аудан әкімі Ғалымжан Мұқырұлы өз сөзінде: «Майдан даласында аталарымыз өр рухпен ел мен жерді қорғады. Бірқатары ұрыс даласында қалса, туған жердің топырағы бұйырғаны елге оралды. Сол қиын күндерде бұғанасы қатпаған балалар балалық шағын еңбекке айырбастап ерте есейді. Сіздердің өткеніңіз бүгінгі өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге,» – деп атап өтті.
Жиында соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен төзімділігі, қиын жылдардағы есте қалған естеліктері айтылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Исатай Сүйеубаев туралы журналист Қожахмет Демеубергенов дайындаған деректі фильм көрсетілді. Жиналғандар ардагерлердің еңбегі мен ерлігіне тағы бір мәрте алғыс білдірді.
Еңбек майданында қиын кезеңді бастан өткізген тыл ардагерлері «Ашық аспан мен бейбіт өміріміз мәңгі болсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген ақмаржа тілектерін арнады.