«Пай, пай, қазақтың келіндері-ай!» байқауы – ұлттық дәстүр мен өнердің мерекесі

«Пай, пай, қазақтың келіндері-ай!» байқауы – ұлттық дәстүр мен өнердің мерекесі

«Пай, пай, қазақтың келіндері-ай!» байқауы – ұлттық дәстүр мен өнердің мерекесі

         Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, келіндер институтының маңыздылығын насихаттау мақсатында аудан көлемінде «Пай, пай, қазақтың келіндері-ай!» атты байқау өтті. Бұл сайысқа аудандағы әр ауылдан бір келін қатысып, өздерінің өнері мен шеберлігін ортаға салды.

         Мәдениет үйінде өткен сайыс бірнеше бөлімнен тұрды, әрбір кезеңде қатысушылар өздерінің жан-жақты дайындықтарын көрсетті.

       «Мен қазақтың келінімін» таныстыру бөлімінде келіндер өздерін таныстырып, отбасы, ата-енесі, тұрмыс құндылықтары туралы әсерлі әңгімелерін жеткізді. Келіннің ибалығы мен инабаттылығы осы кезеңнен-ақ көрінді. Сайыстың «Өнерлі келін-өнегелі келін» бөлімінде әр келін өз қабілетін паш етті. Бірі әуелете ән салса, енді бірі мың бұрала би билеп, монолог, өлең оқып көрермендердің ықыласына бөленді. Қатысушы келіндер үшінші кезеңде қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау шеберлігінен сынға түсті. Бұл кезеңде келіндер бауырсақ, таба нан, ұмыт болып бара жатқан тағамдарды әзірлеп, әділқазылардың бағасына ұсынды. Сайыс қатысушыларынан келіннің отбасындағы, қоғамдағы рөлін бағалау мақсатында әртүрлі тұрмыстық жағдайлар ұсынылып, олардың шешу жолдары сұралды. Келіндердің тапқырлығы мен көрегендігі осы кезеңде сыналды. Сондай-ақ, келіндерге белгілі мақалдың басы айтылып, оны толықтыру тапсырмасы берілді. Бұл кезеңде олардың тіл байлығы мен ұлттық мұраға деген құрметі көрінді.

       Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әрбір қатысушы өзінің өнерімен, шеберлігімен ерекшеленді. Кеш қонағы Бауыржан Ретбаев көрермендерге арнап ән шырқап, кештің көркін одан әрі аша түсті. Әділқазылар алқасы келіндердің дайындығын, өнерін, тапқырлығын әділ бағалап, нәтижесінде үздіктерді анықтады.

      Бас жүлдені жыңғылдылық Римма Қорғанбаева алды, бірінші орын ұштағандық Андыз Нұрлыбековаға, екінші орын сайөтестік Фатима Аралбаеваға бұйырды, 3 орынды ондылық Райгүл Көсемова мен тұщыбектік Нұрзада Еділбаева бөліссе, «Көрермен көзайымы» аталымы шетпелік Айдана Бектасоваға бұйырды.

     Байқауға қатысқан келіндердің барлығы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

     Бұл шара тек жарыс қана емес, аудандық әйелдер істері және отбасы- демографиялық саясат жөніндегі комиссия жоспарына сай қазақтың отбасы құндылықтарын, келін тәрбиесінің маңыздылығын дәріптеген мәні зор мереке болды. Осындай игі дәстүрлер жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін.