ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС АЛЫҢЫЗ!

ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС АЛЫҢЫЗ!

ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС АЛЫҢЫЗ!

 

         Конституцияның 13 бабымен әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар екендігі, заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетілетіндігі бекітілген.

         Тегін заң көмегінің бір түрі заң консультантымен немесе адвокатпен көрсетілетін - құқықтық консультация болып табылады.

 

ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КОНСУЛЬТАЦИЯНЫ КІМДЕР АЛА АЛАДЫ?

        

Мәселесіне байланысты:

  • Алимент өндіру мәселелері бойынша жеке тұлғалар (ері де, зайыбы да консультация ала алады)
  • Зейнетақы және жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жеке тұлғалар
  • Оңалту мәселелері бойынша жеке тұлғалар
  • Босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалар
  • Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар мәселелері бойынша жеке тұлғалар
  • Асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар
  • Жұмыспен байланысты денсаулықтың зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар

 

Мәртебесіне немесе жағдайына байланысты:

(құқықтар мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша):

  • Сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандары
  • Адам саудасының құрбандары
  • Азаптауға ұшырағандар

 

Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес кез-келген мәселелер бойынша:

  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын тұлғалар
  • Ұлы Отан соғысының қатысушыларына жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар
  • Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері
  • Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері
  • Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар
  • Жасы бойынша зейнеткерлер
  • Көп балалы отбасылар
  • Жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдар (отбасылар)

 

ТЕГІН КОНСУЛЬТАЦИЯ БЕРЕТІН ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТТАРЫ МЕН АДВОКАТТАРДЫ ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

 

         Тегін құқықтық консультация беретін заң консультанттары мен адвокаттардың тізімі Маңғыстау облысының әділет департаментінің сайтында орналастырылған7 Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-mng/activities/22327?lang=kk немесе gov.kz→Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі→Аймақтар→Маңғыстау облысының әділет департаменті→Қызметі→Мемлекет кепілдік берген заң көмегі

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының заң консультанттары палатасына немесе Маңғыстау облысының адвокаттар алқасына жүгінуге болады.

Маңғыстау облысының заң консультанттары палатасы:

Ақтау қаласы, 7 шағын аудан, 7 үй, 77 кеңсе, тел: 8 (777) 210-93-18

Электрондық пошта: urpalata.12@yahoo.com

Instagram желісіндегі парақшасы: palata_yuristov_mang

Маңғыстау облысының адвокаттар алқасы:

Ақтау қаласы, 5 шағын аудан, 7 үй, 16 кеңсе, тел.: 8 (7292) 52-26-69, 52-26-48

Электрондық пошта: kamo-aktau@mail.ru

Сайт: www.kamo.kz

Адвокаттар алқасында аптасына 7 күн сағат 9:00-18:00 аралығында кезекші адвокат қызмет көрсетеді.

 

ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КОНСУЛЬТАЦИЯ АЛУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ҰСЫНУ ҚАЖЕТ?

 

Құқықтық консультация беру кезіндегі құжаттар тізбесі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 114 бұйрығымен бекітілген. Құжаттар тізбесі келесідей:  

  • алименттер өндіріп алу - баланың (балалардың) туу туралы куәлігі, неке туралы немесе некені (ерлі-зайыптылық) бұзу туралы куәлік , ал егер бала (некесіз) туылған жағдайда, әке болуды анықтау туралы куәлік;
  • зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау– азаматтың жеке басын куәландыратын құжат, зейнеткер куәлігі, тиісті жәрдемақы алуға негіз болып табылатын құжат;
  • ақтау - сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ақтау немесе тоқтату немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтату фактісін растайтын немесе қылмыстық немесе әкімшілік іс бойынша өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы процестік актінің көшірмесі;
  • босқын мәртебесін алу - ұлттық (азаматтық) паспорт және (немесе) босқын деп танылған азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттар.
  • қандас мәртебесін алу - өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттар қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтар шыққан елдің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары және үміткерлердің ұлтын растайтын басқа да құжаттар);
  • ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар – құжаттардың көшірмелері, қайтыс болу туралы куәлік, ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айырылуына, хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген деп танылуына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне байланысты жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынан айыру туралы сот шешімі, бала тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде баланы тәрбиелеу немесе медициналық ұйымнан алудан бас тартуын растайтын құжат.
  • Мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға – мүліктік немесе моральдық зиян келтіру фактісін растайтын процестік актінің көшірмесі.
  • Асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға –қайтыс болу туралы куәлік.
  • Жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға - өндірістегі жазатайым оқиға туралы акт, қылмыстық процесті жүргізуші органдардың қаулысы.
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің органдары беретін Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері –әскери билет, қызметтегі әскерде болғанын растайтын анықтама;
  • мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер - әскери билет немесе уәкілетті орган беретін анықтама;
  • бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар - мүгедектік туралы анықтама;
  • жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын жеке тұлғаларға - зейнеткер куәлігі;
  • Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға - балалардың туу туралы куәлігі;
  • Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) - өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, табысы аз отбасының кірісін растайтын құжат, зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда), жұмыс орнынан анықтама не жұмыссыз адам ретінде тіркеу туралы анықтама, балаларға және басқа да асырауындағыларға алименттер туралы мәліметтер.

 

Маңғыстау облысының әділет департаменті