МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ОНЛАЙН ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ОНЛАЙН ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ОНЛАЙН ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

 

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру және кадрлық іріктеу сапасын арттыру мақсатында 2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңартылған тәртібі енгізіледі. Жаңа тәртіп конкурс рәсімдерінің ашықтығын күшейтіп, кәсіби мамандарды тартуға, кейбір рәсімдерді жеңілдетіп, конкурс мерзімдерін қысқартуға бағытталған.

Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн жүргізіледі. Конкурсқа қатысу үшін кандидат мемлекеттік тілді және заңнаманы білу тестілеуінен, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен өтуі тиіс. Тестілеуге қатысу үшін кандидат жүйеде тіркеліп, тестілеу күнінен кемінде бір күн бұрын өтініш береді және кестеге сәйкес уақытты таңдайды.

Заңнаманы білу тестілеуінде Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдар, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бойынша сұрақтар қамтылады. Барлығы 55 сұрақтан тұратын тестілеуден өту үшін кандидат кемінде 30 сұраққа дұрыс жауап беріп, әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап көрсетуі қажет.

Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуі үш бағдарлама бойынша жүргізіледі. Бірінші бағдарлама басшылық лауазымдарға арналған және онда 10 құзырет (проактивтілік, коммуникативтік, талдамалық және стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, нәтижеге бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, жауапкершілік, қызметті басқару) бағаланады. Екінші бағдарлама басшылық емес лауазымдарға арналған және жеті негізгі құзыретті (проактивтілік, коммуникативтік, талдамалық ойлау, әдептілік, нәтижеге бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, жауапкершілік) қамтиды. Үшінші бағдарлама жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі әкімшілік лауазымдарға арналған және кандидаттың әлеуметтік, эмоционалдық және логикалық интеллекті бағаланады. Бірінші бағдарлама бойынша берілген жеке қасиеттерді бағалау қорытындысы екінші бағдарламаға жататын лауазымдарға жарамды болып есептеледі. Ал бірінші және екінші бағдарламалар бойынша берілген қорытындылар үшінші бағдарламаға жататын төменгі лауазымдарға жарамсыз, себебі олардың бағалау бағдарламалары әртүрлі.

Мемлекеттік тіл мен заңнаманы білу және жеке қасиеттерді бағалау сертификаттары бар кандидаттар бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатыса алады.

Үміткер тестілеуді айына үш реттен артық тапсыра алмайды, ал қайта тестілеу үш айдан кейін ғана мүмкін. Конкурсқа қатысуға жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған ТОП 5 кандидат жіберіледі.

Жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша іріктелген басшылық лауазымдарға үміткер бес кандидат эссені онлайн режимде жазады. Эссе жазу барлық басшылық лауазымдарға міндетті талап болып табылады. Эссе жазу кезеңінен өткен кандидаттар кәсіби сипаттағы сұрақтар қойылатын бейнебайланыс арқылы өтетін әңгімелесуге шақырылады.

Жүйе барлық балдарды автоматты есептейді. Жеке қасиеттерді бағалау мен конкурс кезеңдері бойынша ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз болып саналады. Теңдік жағдайында еңбек өтілі, білім деңгейі және жеке қасиеттер есепке алынады. Жұмыс өтілін талап етпейтін лауазымдарға еңбек өтілі есепке алынбайды.

Егер конкурсқа тек бір кандидат қатысып, нәтижесі төмен болса, жеңімпаз анықталмайды. Мемлекеттік лауазымға тағайындау конкурстың қорытындылары жарияланған соң келесі жұмыс күні жүзеге асырылады. Ал алдыңғы жұмыс беруші конкурс шешімі туралы хабар алған қызметшіні заңнамаға сәйкес жұмыстан босатады. Жаңа тәртіп бойынша шағымдану мерзімдері қарастырылмаған.

Жалпы алғанда, конкурстық рәсімдердің толық мерзімі айтарлықтай қысқартылды. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес конкурстардың ұзақтығы шамамен 23–30 күнтізбелік күнді құраса, жаңа тәртіпке сәйкес бұл мерзім едәуір қысқарып, орта есеппен 5–7 жұмыс күнін ғана қамтиды. Оның ішінде құжаттарды қабылдау және қарау кезеңі үш жұмыс күніне, ал конкурс кезеңдері үш-төрт жұмыс күніне созылады.

Осылайша, мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа іріктеу тәртібі қолданыстағы форматпен салыстырғанда оңайлатылып, конкурсқа қатысу рәсімдерін барынша қолжетімді етеді. Сонымен қатар конкурстық рәсімдердің мерзімі де айтарлықтай қысқарып, мемлекеттік қызметке қабылдау процесі жедел әрі тиімді жүзеге асырылатын болады. Мұның барлығы мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырып, бәсекеге қабілетті және білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға ықпал етеді.

 

 

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің басшысы

Жұмағұлов Тоқтамыс Қадошұлы