Маңғыстау аудандық орталық аурухана директоры Игілік Серікбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
«Маңғыстау ауданының серпіні» жоба аясында аудан әкімдігімен бірлесе қызмет еткен кезеңде аудандық орталық аурухана мен ауылдық амбулаториялардағы медициналық жабдықтар мен көліктердің жаңартылуына айрықша көңіл бөлінді. Өткен жылы орталық ауруханаға офтальмоскоп және төрт санитарлық автокөлік қосылып, қызмет сапасы артты. Сонымен қатар, Жармыш амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Жыңғылды, Онды, Ұштаған амбулаторияларында ағымдағы жөндеулер жүзеге асты. Қосбұлақ-2 шағын ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды.
Сондай-ақ, жоғары білімді дәрігер мамандар жергілікті жерден табылмауы, болса да ауылдық жерлерге келмеуі қиындық келтіріп келген. Маман тапшылығын шешуде Тұщықұдық- Шебір, Ақшымырау – Қызан, Сайөтес ауылдарына Түркістан облысынан, Шайырға – Қызылорда өңірі дәрігерлермен келісім жасап жұмысқа тартты.
Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов аудан активі алдында Игілік Бостанғалиұлының атқарған қызметіне тоқталып, алғысын білдірді.
Аудандық орталық аурухананыың жаңа директоры лауазымына Мейрбек Айтматов келді.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі