Маңғыстау ауданында 215 мыңнан астам мал басы тіркелген
Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2026 жылға жұмыс жоспарын бөлісті.
Бөлім басшысы Рахымжан Сүлейменовтің хабарлауынша, ауданда қазіргі таңда 598 шаруа қожалығы бар, 3642 үй шаруашылығы тіркелген. Ауданда мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, ұсақ мал басын қосқанда 215 мыңнан асады.
- 2025 жылы «Ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалатын шығындар құнын арзандату» бағыты бойынша субсидиялауға 238 шаруа қожалық иесінен 567 өтінім қабылданып, 654 млн 548 мың 840 теңге, сүт (түйе) өндірісінің құнын төмендетуге 2 млн 633 мың 210 теңге субсидия төленді.
Инвестициялық субсидия арқылы ауыл шаруашылық техникасын алуға 5 шаруа қожалығына 15 млн 258 мың теңге, агроөнеркәсіп кешенді дамытуға егіншілерге қолдау көрсету мақсатында 11 шаруа қожалығына тыңайтқыш сатып алған шығыны яғни 6 млн 085 мың теңге берілді. Былтыр шөп шабуға 14 бригада, 32 000 га жер алынды, 2704 тонна шамасында шөп шабылды.
Сондай-ақ ауданда модульдік ветеринариялық пункт құрылыстары жүріп жатыр, салаға 13 автокөлік табысталды.
Аудандағы шаруа қожалықтары жәрмеңкеге шығып, өз өнімдерін ұсынады. 34 шаруа қожалығы жәрменкеде 4 тонна 920 кг ет өнімі, 2400 литр шұбат сатты, сондай-ақ 4 шаруа қожалығы егіннен алған өнімдерін ұсынды. Былтыр ауданда 184 га жерге егін егілді. Көкөніс дақылдарынан 190 тонна өнім, бақша дақылдарынан 4895 тонна өнім алынды,- деді.
Ауданда «Ауыл аманаты» жобасына 6 жоба иесі құжаттарын тапсырды.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
