Маңғыстау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымның әлеуеті артты

Маңғыстау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымның әлеуеті артты
Маңғыстау ауданында әлеуметтік инфрақұрылымның әлеуеті артты
Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы Ащыбұлақ және Жаңаорпа шағын аудандарын сумен қамту жобасының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңде ұңғымалар қазу және су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте аудан әкімі Ғалымжан Ниязов айтты.
-Онды ауылындағы «Бесшоқы» балалар лагерін инженерлік желілермен қамту аясында электр және газ желілері тартылып, құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Тасмұрын-Тиген бағытында ұзындығы 50 шақырым газ құбыры пайдалануға берілді. Жыңғылды ауылындағы Қожагелді батыр шағын ауданында электр, газ және су желілері толық тартылды. Шайыр ауылында 36 тұрғын үйге жер асты суының көтерілуінен келген залалды жою мақсатында ұзындығы 3,8 шақырым дренаж жүйесі салынды. Жоба аясында 92 құдық орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда нысанды теңгерімге беру жұмыстары жүргізілуде, - деді Ғалымжан Ниязов.
Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары аясында Сайөтес, Тұщықұдық, Қызан және Ұштаған ауылдарында өрт сөндіру пункттері салынды. Шетпе ауылында бос тұрған екі қабатты ғимарат шағын отбасылық пәтерлерге қайта бейімделіп, тұрғын үй қорын толықтыруға бағытталды.