Маңғыстау ауданында туризмді дамытуға бағытталған жобалар қарқын алуда
Маңғыстауда ауданында туризм саласын инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифигте аудан басшысы Ғалымжан Ниязов мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, бүгінде «Айрақты» туристік нысанына дейін 10,2 шақырым электр, газ және су тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жеңімпазы анықталса, «Шерқала» бағытына 2 шақырым желі тарту бойынша ЖСҚ әзірлеу жұмыстары басталған.
– Алдағы уақытта Самал, Торыш және Тұзбайыр туристік аймақтарына да инфрақұрылым жеткізу үшін жобалық құжаттар әзірлеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Бесшоқы» балалар лагеріне 4 шақырым электр және газ желісін тарту жұмыстары аяқталып, толық іске қосылды. Инфрақұрылымнан бөлек, байланыс сапасын жақсарту мақсатында «Шерқала», «Айрақты», «Ақмыш», «Самал», «Тұзбайыр», «Торыш» елді мекендерінде антенна-діңгек құрылысын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін іздестіру жұмыстары жүріп жатыр,- деді Ғалымжан Ниязов.