Дәстүрлі дін мен отбасы құндылықтары – тұрақты қоғам негізі

Дәстүрлі дін мен отбасы құндылықтары – тұрақты қоғам негізі
Маңғыстау ауданында ҚР Дін істері комитетінің республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, теолог-психолог Нұрмұхаммед Разақовтың қатысуымен маңызды кездесу өтті.
«Дәстүрлі дін мен отбасы құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуде спикер аудан спортшылармен және сала мамандарымен, мемлекеттік қызметшілермен, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар және колледж студенттерімен, сондай-ақ «Маңғыстауэнергомұнай» қызметкерлерімен арнайы кездесіп, 5 жиын өткізді.
Кездесуде Нұрмұхаммед Разақов дәстүрлі ислам дінінің құндылықтары мен отбасы тәрбиесінің маңызы, рухани тұрақтылық, жастардың діни сауаттылығы туралы кеңінен әңгімеледі.
Сонымен бірге ұлттық тәрбие мен діннің сабақтастығы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, рухани даму жолдары жайлы пайдалы ақпаратпен бөлісті.
Спикер кездесуде мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары қоғамда діни тұрақтылықты нығайтып, радикалды көзқарастардың алдын алуда маңызды екенін айтты.
Айта кетейік, бұл бағыттағы кездесулер Маңғыстау аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.