«Ерлік елге мұра, ұрпаққа – ұран» Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шара Құрық ауылында өтті

«Ерлік елге мұра, ұрпаққа – ұран» Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шара Құрық ауылында өтті

⚜️9 мамыр күні Құрық ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік елге мұра, ұрпаққа – ұран» атты салтанатты шара өткізілді.

⚜️Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, тыл және соғыс ардагерлері, аудандық мәслихат төрағасы, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары, жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында майдан даласында мерт болған боздақтардың рухына тағзым ретінде мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, 1 минут үнсіздік жарияланды. Қарақия аудандық мешітінің бас имамы жауынгерлер рухына Құран бағыштап, дұға жасады.

- Құрметті соғыс және тыл ардагерлері, ардақты ауылдастар! Сіздерді адамзат тарихындағы ең ұлы оқиғалардың бірі — Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!Бұл күн – ерлік пен қаһармандықтың, халық бірлігінің, елге деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісі. Қазақ халқы соғыс жылдарында да, бейбіт өмірде де Отанға адал қызмет етті. Батыр бабаларымыздың ерлігі – біздің жүрегімізде, біздің рухани тірегіміз. Бүгінгі бейбіт өмір – сол ерліктің жемісі. Сондықтан, біз әрдайым ардагерлерге құрмет көрсетіп, олардың аманатын, ерлік дәстүрін келешек ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел-жұртымызға тыныштық пен татулық тілеймін. Мәңгілік алау ешқашан сөнбесін!,- деді аудан әкімінің орынбасары Санат Төкенов.

⚜️Шара барысында «Бейбіт күн тілегі», «Смуглянка», «Атамекен» және «День Победы» әндері шырқалып, патриоттық билер мен көркемсөз композициялары көрерменге ұсынылды. Ауыл өнерпаздары Жеңіс рухын асқақтататын сахналық қойылымдар арқылы көпшілікке терең әсер қалдырды.

⚜️Жиналған жұртшылық батыр бабаларымыздың ерлігіне тағзым етіп, бейбіт өмірдің қадірін сезіне түсті. Шара соңында жүргізушілер ел бірлігі мен татулығын сақтау, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

ҚАРАҚИЯ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ