Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлері мерекелік медальмен марапатталды

Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлері мерекелік медальмен марапатталды

⚜️8 мамыр күні Жеңістің 80 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін, бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған ардагерлерге құрмет көрсетілді.

⚜️Атап айтқанда, 91 жастағы Көшенұлы Тұрсынғали, 93 жастағы Мамаева Бақыт және 96 жастағы Мұратов Жеткізген Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды. Ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында аудан әкімі арнайы барып, марапаттарын табыстап, тәттілер мен сыйлықтар салынған себетті тарту етті.

- Сіздердің ел үшін жасаған еңбектеріңіз – нағыз ерліктің үлгісі. Майдан даласында да, тылда да жан аямай еңбек еткен сіздердің арқаларыңызда біз бүгін бейбіт өмір сүріп отырмыз. Бұл – өшпейтін еңбек, бұл – мәңгілік даңқ. Жеңістің 80 жылдығына орай мемлекет тарапынан берілген марапат – сіздердің елге сіңірген еңбектеріңізге деген үлкен алғыс пен құрметтің белгісі. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілеймін!» – деді аудан басшысы Сымбат Төретаев.

⚜️Айта кетейік, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен азаматтардың үлесі орасан зор. Олар майданға қажет қару-жарақ пен азық-түлік өндірісін қамтамасыз етіп, соғыс жылдарында жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.

- Аман болыңдар, қарақтарым! Ел іргесі тыныш, аспанымыз ашық болсын. Осындай құрметке жеткен күнге шүкір. Еңбегіміз еленіп жатыр, мың алғыс!» – деді ардагер  Тұрсынғали Көшенұлы.

⚜️ Кездесу барысында ардагерлер де өз ризашылықтарын білдіріп, елімізге тыныштық, ұрпаққа амандық тіледі. Қуаныштан көзіне жас алған ақсақалдар мен аналар бата беріп, елдің бірлігі мен болашағы баянды болсын деген тілектерін жеткізді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі