Маңғыстауда Бекет Ата жер асты мешітінің жай-күйі талқыланды

Маңғыстауда Бекет Ата жер асты мешітінің жай-күйі талқыланды

Бүгін, 6 мамырда, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Оғыландыдағы Бекет Ата жер асты мешітінің қазіргі жағдайын талқылауға арналған алқалы жиын өтті. Кеңес әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көрсетіліп, тұрғындар сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Жиынға өңір ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет саласының ардагері Даржок Сейбағытов, өлкетанушы Алқажан Еділханов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Светқали Нұржан, Ардагерлер кеңесінің төрағалары, басқарма басшылары мен бірқатар ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері бас қосты.

Кеңес барысында қатысушылар Бекет Ата кесенесінің тарихи әрі рухани маңызын атап өтіп, қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдірді. Қасиетті мекеннің санитариялық тазалығы, зиярат ету мәдениеті мен тәртібі, жол мәселелері кеңінен сөз болды.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде Бекет Атаның Маңғыстау халқы үшін рухани ұстыны екенін атап өтіп, зияратшылар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасау қажеттігін жеткізді.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірге сапары кезінде Бекет Атаның басын туристік бағытта, мәдени құндылық ретінде өркениет талабына сай дамыту тапсырылған болатын. Бекет Ата – халқымыздың рухани қазығы.  Оғыландыдағы жер асты мешітінің жағдайы бұрыннан халықтың назарында. Санитариялық жағдай жасап, зияратшыларға киелі жерді таныстыру мақсатында мұражай ашу және инфрақұрылымын ретке келтіру мәселелері төңірегінде нақты іс-шаралар қабылдануы үшін комиссия құрылады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі