3 мамыр, сенбі күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, онда білім сапасын арттыру мәселелері кеңінен қаралды.
Кеңес барысында облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстауға жасаған жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде баяндама жасады.
Амантай Кумбаевтың айтуынша, республика бойынша білім беру сапасын арттыру мақсатында барлық типтегі мектептер үшін бірыңғай стандарт әзірленуде. Бұл бағытта ауыл мектептерінің әлеуетін арттырып, білім алушыларға тең мүмкіндік жасау мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынып, 2025–2026 оқу жылына арналған жол картасы дайындалған.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8100 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында мектептерді кеңейту бойынша қосымша құрылыс жүргізілуде. Жаңаөзендегі мектептің кеңеюі нәтижесінде қалада үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешімін табады. Түпқараған ауданында да жаңа мектептің ашылуымен үш ауысымды мектеп жойылады.
Бүгінде аймақта 3–6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу 100%-ға жетті. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету мәселесі де назарда. Қазіргі таңда облыста мектепке дейінгі жастағы 3543 бала тіркелген. Оларға 21 арнайы білім беру ұйымы және жалпы білім беретін мектептердегі инклюзивті сыныптар қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, оқу-ағарту министрлігі тарапынан жылына екі рет облыс мектептерінде тамақтандыру сапасына мониторинг жүргізілуде.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында өңірде 25 колледж жұмыс істейді. 2024–2025 оқу жылында екі колледж базасында жоғары сынып оқушыларына арналған пилоттық жоба іске қосылып, 105 оқушы жұмысшы мамандығын меңгеруге қабылданды. Биыл ақпанда осы жобамен оқуға түскен 66 мектеп оқушысы білімін сәтті аяқтады. Олар аттестатпен қоса колледж дипломын да алады.
Жиынға қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдері де қатысып, білім саласын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай білім беру саласындағы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
- Ұсыныстар толық қолдау табады. Ең алдымен, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған балабақшалар салу мәселесін жедел қарастырыңыздар. Мектеп асханаларындағы тазалыққа, мектеп ішіндегі қауіпсіздікке баса мән беру қажет. Сонымен қатар, оқушыларды IT мен робототехникаға қызықтыру арқылы шығармашылық дағдысын қалыптастырып, жаңа сала түрлерін үйренуге бейімдеу керек. Ұстаз мәртебесін арттыру, мұғалімге еркіндік беру, ата-анамен байланыс, мектептегі тәрбиелік жұмысты күшейту де күн тәртібінен түспеуі тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі