Қарақия ауданы әкімі Құрық ауылына кезекті жүрмелі кеңес өткізді

Қарақия ауданы әкімі Құрық ауылына кезекті жүрмелі кеңес өткізді

⚜️19 сәуір күні Қарақия ауданының әкімі С.Қ. Төретаев Құрық ауылына кезекті жүрмелі кеңес өткізді. Іс-шара барысында ауыл аумағындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы тексерілді.

⚜️Жүрмелі кеңес, Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығы ғимаратындағы құрылыс-монтаж жұмыстарымен танысудан басталды. Аудан әкімі орталық ғимаратында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

⚜️Одан кейін, аудан басшысы «Алека» ЖШС зауытында жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарын аралап көрді. Бұл нысанды қарау барысында Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қартбаев Бердібек арнайы қатысып, нысанның маңыздылығы мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.

⚜️Сапар барысында Құрық ауылында салынып жатқан, әрқайсысының көлемі 2 мың текше метр болатын екі резервуардың құрылысымен танысу жүргізілді. Аталған нысан ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында салынуда.

⚜️Бұдан әрі аудан әкімі Маңғыстау жері (Аппақ) елді мекеніне барып, жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын тексерді. Бұл нысанға облыстық құрылыс басқармасының мамандары қатысып, нысан жөнінде баяндама жасады.

⚜️Жұмыс сапары Қарақия станциясы елді мекенінде жалғасып, аудан басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Қарақия станциясындағы тазартылған тарихи қалдықтар аумағын аралап, жүргізілген жұмыстардың нәтижесін бағалады.

⚜️Іс-сапар қорытындысы бойынша аудан әкімі С.Қ.Төретаев аталған нысандардағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі