Құрық ауылының жастары бір отбасыға баспана сыйлады

Құрық ауылының жастары бір отбасыға баспана сыйлады
Қарақия ауданы Құрық ауылының жастары рамазан айында бір отбасыға қуаныш сыйлап, баспана кілті мен қаржылай сыйлық табыс етті.
Қайырымдылық шарасына аудандық мәслихат төрағасы Жанғабыл Қалаубай, аудан басшысы Сымбат Төретаев қатысып, қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
- Баршаңызды мұсылманның ең мүбарак айы – Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Рамазан – адамзат баласын татулық пен бейбітшілікке, мейірім мен ізгілікке үндейтін қадірлі ай. Бұл айда ораза ұстау – мұсылмандық шарттың бірі әрі рухани жаңару мен тазарудың бірден бір қолайлы кезеңі. Ораза ұстаған адамға берілетін сауапты айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Сондай-ақ рамазан айы – тек, оразаның сауабына кенелетін ай емес, адамзаттың ізгілікке бет бұратын айы. Жасап жатқан қайырымды істеріңіз, ізгі амалдарыңыз қабыл болсын!, - деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Сонымен қатар мейірім мен көмек күткен жандарға қолдау білдіріп, бірлік пен игілікті істерге атсалысқаны үшін ауыл жастарына ризашылығын жеткізіп, жаңа қоныс иелеріне ауа баптағыш (кондиционер) сыйға тартты.
Сондай-ақ, ауыл жастары ұйымдастырған шараның соңы гір тасын көтеру, қол күресі сынды спорттық сайыстарға ұласып, ауызашар дастарханы да жайылды.