Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Оған осы бастан тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат-қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Сыбайлас жемқорлық- заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Қоғамның бақытты болашағын тежейді, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді, жұртшылықтың заң мен әділдікке, билікке деген сеніміне сызат түсіреді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу-біздің басты міндетіміз.
Ғ.Салихов, Құрық ауылының әкімі.