Қарақияда, наурыз тойы тойланды

Қарақияда, наурыз тойы тойланды
         Аудан орталығы Құрықта, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Жылдың басы, берекенің бастауы - әз наурыз» атты көпшілік мерекелік шара өтті.
Орталық алаңда ретімен құрылған киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тартып, алаңның ажарын ашып, мерекелік шараларға ерте жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл мерекені аудан халқы ерекше шаттықпен тойлады.
         Мереке барысында аудан әкімі Қ.Беков және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар орталық саябаққа шыбықтар отырғызды.
Одан әрі, аудан әкімі тұрғындарды наурыз мерекесімен құттықтап, бұл мереке ізгілік пен бірліктің, татулықтың мерекесі екендігін атап өтті.
«Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі қарақиялықтар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ізгілік пен бірліктің мерекесі. Бұл кезеңді біздің халқымыз береке-бірлік, ырыс-құт мезгілі санайды.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Әр күніміз өсу мен даму үшін мүмкіндік туғызатын ризық-несібемізді арттыра берсін. Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң, ақ мол болсын!» - деді аудан әкімі.
         Сонымен қатар, облыс, аудан өнерпаздарының дайынған мерекелік бағдарламасына ұласып, жастарымыз ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті.
         Сондай-ақ, жеке кәсіпкер К.Көреғұловтың «Арт-Шаттық» сурет мектебінің қыл қалам шеберлері дайындаған көрме өтті, көрмеге 200 - ден аса сурет қойылды.
        Айта кетейік, мерекелік шараны тамашалауға келген ағайынға, арнайы дастархан жайылып, ұлттық тағамымыз «Наурыз көже»-ден дәм ұсынылды.
         Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені қарсы алған аудан тұрғындары ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
       Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.