Құрық ауылының теңіз жағалауында демалыс орны ашылды

Құрық ауылының теңіз жағалауында демалыс орны ашылды

Құрық ауылының кәсіпкерлері теңіз жағалауында «ЕрШат» демалыс орнын ұйымдастырды. Бұл туралы Қарақия аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әлия Әбдіхалықова мәлім етті.

Оның айтуынша, ауылда бұрын-сонды арнайы жағажай болмаған. Бұл орын жергілікті тұрғындардың жаз мезгілінде теңіз жағалауында демалуы үшін жасақталған.

«Кәсіпкерлер осы бастаманы толықтай өз қаражатына жүзеге асырды. Әкімдік тарапынан жер аумағы берілді. Онда қазақи нақыштағы ағаш үйлер, волейбол ойын алаңы, катамарандар, кәуап пісіретін және қоқыс тастайтын орындар қарастырылған. Бағасы тұрғындар үшін қолжетімді. Мәселен, 10:00-ден 17:00-ге дейін ағаш үй жалға 1000 теңгеге беріледі. 17:00-ден 23:00-ге дейін 3000 теңге. Қазір «ЕрШат» жазғы демалыс орнына қажетті электр энергиясы генератор арқылы беріліп отыр. Алдағы уақытта кәсіпкерлер тоқ көзін «Абай маневрлік» базасынан алуды жоспарлап отыр», - деді  Әлия Әбдіхалықова.  

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі