Қарақиялық педагог Маңғыстаудың «үздік тәрбиешісі» атанды

Қарақиялық педагог Маңғыстаудың «үздік тәрбиешісі» атанды

Құрық ауылындағы "Құлыншақ" бөбекжайының тәрбиешісі Мейрамгүл Түметова "Үздік тәрбиеші - 2021" облыстық байқауында жеңімпаз атанды. Бұл туралы Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Бекқалина мәлім етті.

"Саналы тәрбие - бала өмірінің алғашқы жетістігі" деген ұстаныммен жүретін Мейрамгүл Түметова 2015 жылдан бері осы бөбекжайда қызмет етіп келеді. "Мейрамгүл Көңілімқосқызы тек тәрбиеші ғана емес, ізденімпаз, шығармашыл адам. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі ойындарымызды жаңғырту мақсатында балабақша бүлдіршіндеріне арналған "Асықты моншақ", "Асықты шот", "Асықты шахмат", "Асықты үйшік" сынды ойын түрлерін жасақтады", - деді бөбекжай директоры Гулляр Анайбекова. Мейрамгүл Түметова бар білімін балғындарға үйретуден жалыққан емес. 6 баланың анасы, "Күміс алқа" иегерінің адамгершілік болмысына бүлдіршіндер мен ата-аналар да дән риза.

"Не ексең соны орасың" деген керемет сөз бар. Мұны бала тәрбиесіне қатысты айтар болсақ, жастайынан балаға қандай тәрбие берілсе, сол оның өміріндегі іргетасы, қалануы деп білемін. Жұмысыңды сүйіп, ынтамен жасасаң әрдайым нәтижесі болады", - деді Мейрамгүл Түметова.Маңғыстаудың қала, аудандарынан келген үздік тәрбиешілер бақ сынаған байқау ерекше форматта өтті. Онда әр педагогтың жобалық жұмысы мен панорамалық оқу әдістемелері бағаланды.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі