Біздің асыл дініміз – Ислам діні өзіміздің салт-дәстүрімізбен терең бойлай ұштасып жатқанын көнеден қазақ халқының өмір сүру дағдысына байқауға болады. Әрине әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің озығы да, тозығы да бар екенін де айтып өткеніміз жөн. Таң атырып ұйқымыздан оянғаннан бастап, кеш батырып ұйқыға жатқанға дейінгі аралықта орындалатын барлық әдептеріміз осы дінімізбен ұштасуда. Көп адам бұл істердің парқын білмеуі мүмкін, алайда, зерттей келсек діннен тауып отырмыз.
Сондай бойымызға сіңген салт-дәстүріміздің бірі – келіннің сәлем салуы. Бұны қазақ қайдан алған?
Біріншіден, сәлем салу – туыстық қатынастың байланысы, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние. Бұл қимылдың негізгі түпкі мақсаты тек иілу ғана емес, сәлем салғанда үлкендердің батасын алып, ризашылығына бөленуі де басты мақсат болып табылады. Келін сәлем салуымен бейне бір қор болып қалмайды, оның отбасы орнындағы мәртебесін көрсетеді. «Ұлық болсаң кішік бол» деген мақал да осы тұста орнымен айтылғандай. Екіншіден, әдеп жағынан қарар болсақ, үйге түскен келіннің қайын ата-анасының қолынан алып сәлем беріп жүруі әдепсіздік болып табылғандықтан, бұл мәселеден шығу жолын бір үрдіс ретінде тек бейнесін ғана қалыпқа салған. Бұл жалпы қазақ халқына ыңғайлы болғандығы және көп қимыл көрсетпеуіне қолайлы болуы үшін бізге дейін жеткен.
Асыл дінімізде ниеттің алар орны ерекше. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінің бірінде: «Амалдар ниетке байланысты, әркім өзі ниет еткеніне қол жеткізеді» – дейді. Келіннің сәлем салу үрдісінде дін ұстанушы мұсылмандардың арасында туындаған мәселе - Аллаға серік қосу мәселесі. Яғни, «келін қайын ата-анасына иіліп сәлем берер болса, Аллаға серік қосқан болып, дін бұйырған бұйрыққа қарсы шығады» деген уәж айтады. Біздің оларға айтарымыз: «келін иіліп сәлем бергенде бейне бір намаздағыдай Алланы ұлықтау сөздерін айтып және қайын ата-анасын табыну орын алмайды. Аллаға табыну мен ата-анаға сәлем берудің ара-жігін ажыратып алған дұрыс» - дейміз. Себебі амалдар ниетке тікелей байланысты. Намаздың ішкі парыздарының бірі иілу, яғни рукуғ. Егерде олар айтып жүргендей келіннің сәлем салуы иілу(рукуғ) болса, намаздың ішкі парыздарынан болатын тік тұру(қиям) да бар. Ал адам баласы жай адамға қарама-қарсы тұруы да серік қосу болып табылар еді. Және келін қайын ата-анасына сәлем етерде, намаздағыдай толық бүгілмейді, рукуғқа мүлдем ұқсамайды. Бұның аты “сәлем” деп аталып тұр.
Сәлем салуды ізет көрсетудің немесе дінге қайшы деп санауда әр адамның өзіндік ойы болары анық. Ал біздің айтарымыз, сәлем салудың түпкі мағынасы – әдептілік. Еліміздің әр өңірінде бұл дәстүр әрқилы орындалса да, ең бастысы әрі маңыздысы – сәлем салудағы шын ниет.
Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының теолог-маманы, Ерғазы Ербол