
Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Болашақ ауылында жергілікті тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашатын заманауи воркаут алаңы ел игілігіне берілді. Өңірдегі бұқаралық спортты дамыту мен ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүзеге асырылған бұл бастама-жергілікті халықтың асыға күткен маңызды жобаларының бірі.
Жалпы құны 7 миллион теңгені құрайтын спорттық кешеннің құрылыс-монтаждау жұмыстарын «Мұрадова Р.» жеке кәсіпкерлігі сапалы әрі бекітілген талаптарға сай толықтай аяқтады. Нысан заманауи үлгідегі жаттығу құрылғыларымен, турниктермен және спорттық элементтермен жабдықталған. Спорт алаңы дене шынықтырумен айналысуға өте ыңғайлы әрі қауіпсіз талаптарға толық жауап береді.
Ауылдың инфрақұрылымын арттырып қана қоймай, бұқаралық спорттың өрісін кеңейтуге бағытталған бұл жоба ауыл азаматтары мен жастарының бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне зор мүмкіндік беріп отыр. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары кез келген уақытта таза ауада шынығып, дене сымбаты мен денсаулығын нығайтуға толық жағдай алды. Шалғайдағы елді мекендерді көркейту мен бұқаралық спортты қолдау бағытындағы мұндай оң өзгерістер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі