
Мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамда құқықтық мәдениетті орнықтыру мақсатында Қарақия ауданында маңызды жиын өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұловтың төрағалығымен өткен бұл кездесу сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлық көріністерінің алдын алу шараларын барынша күшейту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне арналды. Сұхбат пен сындарлы пікір алмасу форматында ұйымдастырылған іс-шараға ауданның мемлекеттік және қоғамдық институттарының өкілдері кеңінен тартылды.
Тоқтамыс Жұмағұлов күн тәртібіндегі негізгі бағыттар бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан реформалар мен алдағы міндеттерді айқындап берді. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан күн тәртібіндегі өзекті мәселелер белсенді түрде көтеріліп, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және халықпен кері байланысты нығайту төңірегінде мазмұнды сұрақтар қойылды. Департамент басшысы қойылған әрбір сауалға заңнама шеңберінде тұшымды жауаптар беріп, қоғамда жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру үшін тек құқықтық шаралар ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі маңызды рол атқаратынын атап өтті. Жиын соңында айтылған ұсыныстар мен қорытындылар алдағы уақытта өңірдегі заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың сапасын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі