
Ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық маңызы бар бағыттарының бірі-қысқы мал азығын мерзімінде әрі сапалы дайындау. Осы кезеңді міндетті үйлесімді атқару мақсатында Қарақия ауданында шөп шабу науқаны басталды. Аталған мәселеге байланысты жауапты тұлғалар, атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары шөп шабу жұмыстарына жұмылдырылатын бригада мүшелерімен арнайы кездесіп, алдағы іс-қимыл жоспарын нақтылады.
Аудан аймағындағы шаруа қожалықтарының иелері мен шөп шабушы бригада жетекшілері бас қосқан жиында негізгі өндірістік бағыттар айқындалды. Биылғы маусымда мал азығын әзірлейтін басты аумақтар ретінде «Қайтпас», «Темірбаба» және «Бекежан» алқаптары белгіленіп отыр. Аталған құнарлы жерлерде арнайы жасақталған 4 ірі бригада белсенді жұмыс жүргізеді деп күтілуде. Жалпы меже бойынша науқан барысында 10 мың тоннаға жуық шөп шабу жоспарланған. Бұл көрсеткіш өңірдегі төрт түлік малдың қыстан қысылмай шығуына берік негіз қаламақ.
Жергілікті билік тарапынан шаруалардың мүддесі мен әлеуметтік жағдайы да басты назарға алынған. Биылғы маусымда аудан тұрғындары үшін дайын өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 1 түк шөптің бағасы 1000 теңге көлемінде тұрақтандырылды. Осы ретте бағаны негізсіз өсірмеу және бекітілген тарифті қатаң сақтау бойынша аудан әкімдігі мен шөп шабушы бригада жетекшілері, сондай-ақ шаруа қожалықтарының иелері арасында өзара ынтымақтастық туралы ресми меморандум жасақталып, оған екіжақты қол қойылды. Сауда-саттық тәртібін бекіткен бұл құжат ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтап, жергілікті мал өсірушілерге айтарлықтай демеу болмақ. Аудандық әкімдік пен жауапты бөлімдер тарапынан аталған меморандум талаптарының орындалуы, маңызды науқанның барысы мен жұмыс қарқыны тұрақты бақылауда болмақ.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі