
Қарақия ауданында 23 маусым-Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Айтулы шараға ауданның барлық мемлекеттік қызметшілері жиналып, кәсіби мерекені бірге атап өтті. Салтанатты жиынның шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, ерекше рухты сәтпен басталды. Оның жалғасы ретінде, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 7 мамырдағы №319 Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл сәт жас буынның мемлекет пен халық алдындағы адалдық пен жауапкершілікті терең сезінуінің айқын көрінісі болды.
Сондай-ақ, мерекелік жиында Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен жылы лебізбен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде мемлекеттік аппараттың аймақты дамытудағы рөліне тоқталып, мемлекеттік қызмет саласындағы мінсіз еңбегі, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар үздік қызметкерлерді арнайы марапаттармен марапаттады. Сонымен қатар, шара барысында мемлекеттік қызмет саласында өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарып жүрген білікті қызметшілердің ата-аналарына да айрықша құрмет көрсетіліп, оларға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Салтанатты марапаттау рәсімі одан әрі жалғасып, Қарақия аудандық мәслихатының төрағасы Жанғабыл Бекмолдаұлы Қалаубай мәслихаттың 2026 жылғы 28 сәуірдегі №38/312 шешіміне сәйкес, ауданның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Қарақия ауданының Құрмет грамотасын салтанатты табыс етті. Сондай-ақ, шараға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Маршакұлы департамент басшысы Тоқтамыс Қадошұлы Жұмағұловтың атынан мемлекеттік қызметтің дамуына зор үлес қосқан, өз ісінің нағыз шеберлері атанған қызметшілерге Алғыс хаттар жеткізіп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Феруза Жеткербайқызы Исмагулова мемлекеттік қызметшілерге алғыс хаттар табыстады. Ресми бөлімнен кейін шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, әсем әндер шырқалып, көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі