
Қарақия ауданында 23 маусым-Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай, аудан әкімдігі мен Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «TopQuiz» интеллектуалдық ойыны жоғары деңгейде өткізілді. Мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және өзара кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған бұл зияткерлік сайысқа аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, ауыл мен ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары, сондай-ақ жергілікті дербес бөлімдердің қызметшілері қатысып, логика мен терең білімді талап ететін тартысты бәсекеде бақ сынады.
Іс-шараның ресми ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ж. Маршакұлы мен облыстық Әдеп жөніндегі уәкіл Ф. Исмагулова арнайы сөз сөйлеп, жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен жылы лебізбен құттықтады және қатысушы командаларға сәттілік тілеп, қызмет жолындағы еңбектеріне береке тіледі.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі