
Цифрлық үйлесімі ерекше 2026 жылғы 26 маусым күні болашақ отбасылар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Маңғыстау облысында аталған мерзімге некені мемлекеттік тіркеуге 134 өтініш қабылданған. Оның 105-і Ақтау қаласының тұрғындарынан түскен.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының мәліметінше, есте сақтауға оңай әрі мәні ерекше уақыт межелері жұптар тарапынан жиі таңдалады.
Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш қалыпты күндермен салыстырғанда едәуір жоғары. Әдетте Маңғыстау облысында бір тәулікте орта есеппен 10-25 неке тіркеледі. Ал бұған дейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш шамамен 45-55 неке аралығын құраған.
Мұндай белсенділік болашақ ерлі-зайыптылардың маңызды сәттерін айрықша әрі есте қалатын кезеңдермен байланыстыруға ұмтылатынын көрсетеді.
Айта кету керек, неке қиюды мемлекеттік тіркеу белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. АХАТ бөлімдерінің жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін, 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс – 12:30-дан 14:00-ге дейін.