ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНДА СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

ҚАРАҚИЯ АУДАНЫНДА СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жазғы шомылу маусымының басталуымен бірге су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі жыл сайын өзектілігін арттыра түсетіні жасырын емес. Осы орайда, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Қарақия ауданында ауқымды әрі кешенді профилактикалық іс-шаралар қолға алынды. Қарақия ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі және жедел құтқару жасағы Құрық ауылының №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, аймақтағы су айдындарында бірлескен рейдтік жұмыстарды жүргізді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты-халықтың құқықтық және қауіпсіздік мәдениетін көтеріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу болып табылады.

Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардан құралған арнайы топ су айдындарына келуші демалушылар арасында түсіндірме жұмыстарын барынша жан-жақты әрі тиімді ұйымдастырды. Шомылуға келген азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелері егжей-тегжейлі түсіндіріліп, төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсету және өзін-өзі құтқару әдістері туралы маңызды ескертулер жасалды. Мамандар судың айтпай келетін тілсіз жау екенін алға тарта отырып, әрбір азаматты өз өміріне және айналасындағы жандардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Профилактикалық шара барысында негізгі назар шомылу ережелерін өрескел бұзу жайттарына аударылды. Атап айтқанда, демалушыларға мас күйінде суға түсудің соңы орны толмас өкінішке әкеп соқтыратыны, сондай-ақ арнайы жабдықталмаған, шомылуға ресми түрде рұқсат етілмеген белгісіз орындарда суға түсуге мүлдем болмайтыны қатаң түрде ескертілді. Мамандардың айтуынша, беймәлім су түбіндегі ағыстар мен шұңқырлар кез келген уақытта қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан тек белгіленген қауіпсіз аймақтарды ғана пайдалану қажет.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі