
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімін орындау мақсатында тиісті отырыс өткізілді.
Күн тәртібінде мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының сақталуы, анықталған бұзушылықтардың себептері және олардың алдын алу шаралары қаралды.
Қарақия ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл Б.Ерденбаев өз баяндамасында кеңестің 2026 жылғы 22 мамырдағы шешімінің көшірмесіне сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде орын алуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Бұл ретте рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, заңнама талаптарын қатаң сақтау және ішкі бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, жауапты қызметкерлердің құжаттарды зерделеу кезінде мұқияттылық танытуы, ішкі талдау жұмыстарын уақтылы жүргізуі және мемлекеттік сатып алу үдерістерінің сапалы орындалуын қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарға алынды.
Отырыста мемлекеттік қызметшілер арасында ойынқұмарлықтың алдын алу, құмар ойындарға және бәс тігу қызметтеріне қатысудан тартыну, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі де айтылды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің заңнама талаптарына сәйкес ойын мекемелеріне баруына және құмар ойындарға қатысуына жол бермеу, бұл бағыттағы шектеулерді қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының сақталуын күшейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу, сондай-ақ қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі