ТІЛ – АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

ТІЛ – АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

Тіл – адамзаттың ең ұлы құндылықтарының бірі, ұлттың жаны мен рухани болмысының айнасы. Әр халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымы оның тілінде сақталады. Сондықтан тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың рухани байлығы мен тарихи жадын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қасиетті мұра болып табылады.

Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап ана тілінің құдіретін сезінеді. Ана әлдиі, бесік жыры, халық даналығы мен ұлттық тәрбиенің негізі тіл арқылы беріледі. Тіл адамның ойлау қабілетін дамытып, оның рухани әлемін қалыптастырады. Сол себепті тілдің тазалығын сақтау, оны құрметтеу және дамыту – әр азаматтың парызы.

Қазақстан – көптеген этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ тілі – халқымыздың мәдениеті мен әдебиетінің, ұлттық құндылықтарының алтын қазығы. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстан азаматтарының бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар әр этностың ана тілін сақтау мен дамытуына барлық жағдай жасалған. Бұл еліміздегі достық пен өзара сыйластықтың, мәдени әралуандықтың жарқын көрінісі болып табылады. Түрлі тілдердің қатар дамуы халықтар арасындағы рухани байланысты күшейтіп, мәдениеттердің өзара байи түсуіне мүмкіндік береді.

Жаһандану дәуірінде тілдің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы тілдерді оқып-үйренуге жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, ұлттық тілдерді сақтап қалу мәселесін де күн тәртібіне шығаруда. Сондықтан жастардың ана тіліне деген құрметін арттыру, әдеби мұраны насихаттау және тіл мәдениетін қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.

Қорыта айтқанда, тіл – адамзаттың рухани байлығы, халықтың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы. Тілге құрмет – елге құрмет, тарихқа тағзым, болашаққа деген жауапкершілік. Ана тілімізді ардақтап, оның мәртебесін көтеру арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа аманаттай аламыз.

Қарақия аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі