
Аудан дамуының өзекті мәселелерін талқылап, жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы есебін қамтамасыз ету мақсатында Қарақия аудандық Қоғамдық кеңесінің жоспарлы кезекті отырысы өтті. Бұл жолы жиын Жетібай ауылында ұйымдастырылды. Кеңес төрағасы Ержан Сақтапұлының төрағалығымен өткен маңызды басқосуға аудан әкімі С.Төретаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Қалаубай, жергілікті мекеме басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысын саралады.
Жиынның күн тәртібінде Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Шапағат Басшыұлы Әзірханов жетекшілік ететін негізгі салалар бойынша 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Сонымен қатар, Жетібай ауылы әкімінің атқарған қызметі туралы есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Шапағат Әзірханов кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жер қатынастары салаларындағы көрсеткіштерді егжей-тегжейлі баяндады. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда ауданда 1900-ден астам кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеп, аймақ экономикасының драйверіне айналып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті өндірушілердің тауарларын ілгерілету шаралары белсенді жүргізілуде. Мұнымен қоса, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде азаматтардың іскерлік бастамаларын жеңілдікпен қаржыландыру ісі қарқынды жалғасып келеді. Сонымен қатар, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру бағытында да ауқымды қадамдар жасалуда. Түрлі жиһанкездердің назарын бұрған Бозжыра шатқалында арнайы визит-орталық пен этно-кофейня жобалары сәтті іске асырылып, бұл бағыттағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі сипат алған.
Отырыстың келесі бөлігінде Жетібай ауылының әкімі Рахат Қаратаев елді мекеннің бес ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді. Ауыл басшысы бүгінгі таңда Жетібайдың толықтай орталықтандырылған ауыз сумен, табиғи газбен, үздіксіз электр қуатымен және жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылғанын жеткізді. Бұл-негізгі өмірлік маңызы бар инфрақұрылым мәселесінің толық шешілгендігінің айғағы. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі жайлылықты арттыру мақсатында көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту, заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру, спорттық және балалар ойын алаңдарын жөндеуден өткізу, аумақты абаттандыру және жаяу жүргіншілер жолын төсеу бойынша кешенді жұмыстардың атқарылып жатқанына тоқталды.
Аталған жиын тек есеп тыңдаумен шектелмей, ашық пікірталас алаңына ұласты. Қоғамдық кеңес мүшелері атқарылған жұмыстардың сапасына қатысты өз ойларын ортаға салып, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер төңірегінде сыни пікірлері мен нақты ұсыныстарын білдірді. Кеңес тарапынан қойылған сауалдарға қатысты мемлекеттік мекеме басшылары тұшымды жауаптар беріп, көтерілген әрбір мәселенің шешілу жолдарын түсіндірді. Отырыс қорытындысы бойынша айтылған барлық сыни ескертпелер мен сындарлы ұсыныстар арнайы хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Қоғамдық кеңестің тікелей бақылауына алынды. Мұндай ашық диалог аймақтағы мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы әріптестікті нығайта түсері сөзсіз.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі