
Астана төрінде жасанды интеллектіні білім беру саласына интеграциялауды мақсат еткен «EduAI» республикалық педагогикалық хакатоны отандық ағартушылық кеңістігіндегі серпіліс пен соңғы технологиялық үрдістердің тоғысқан бірегей алаңына айналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған білікті педагогтердің басын қосқан бұл байрақты бәсекеде Маңғыстау өңірінен барған жиырмадан астам ұстаз өздерінің цифрлық әлеуеті мен инновациялық ізденістерін паш етті.
Аталған білім додасында Қарақия ауданы, Құрық ауылының №11 жалпы білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі Айымгүл Сүлейменова өзінің шығармашылық тобымен бірге ерекше тактикалық және концептуалды шешімдер ұсынып, үздіктер қатарынан көрінді. Озық педагогикалық тәжірибе мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін шебер ұштастырған ұстаздың жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде оған Корея Республикасына бағытталған халықаралық білім беру сапарының жолдамасы салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл айтулы жетістік-жалпы ауданның білім беру жүйесінің заманауи талаптарға сай дамып келе жатқандығының көрінісі. Еліміздің интеллектуалды капиталын арттыру жолында аянбай тер төгіп, әлемдік деңгейдегі озық технологиялық тәжірибелерді меңгеруге қадам басқан Айымгүл Сүлейменқызының бұл халықаралық сапары отандық білім беру мазмұнын байытуға септігін тигізері сөзсіз. Азияның технологиялық алыбы саналатын Оңтүстік Корея елінде өтетін бұл тағылымдама озық әдістемелерді игеруге, жаңа инновациялық серпін алуға және ел абыройын асқақтатуға кең жол ашары анық.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі